ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚТЫҢ ҚАРЫМЫ

27 ақпан 2024 1756 0
Оқу режимі

«Зилзал» сүресінің 7 және 8-ші аяттарында: «Кім тозаңның көлеміндей жақсылық жасаса, соның қарымын көреді, ал кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, ол да соның қарымын көреді», - делінген.

Бұл аяттың тәпсірінде Мұхаммед бин Кағб әл-Құрази (р.а.) былай дейді:

«Имансыз адам жасаған жақсылықтарының сауабын дүниеде; отбасында, мал-мүлкінде, бала-шағасында көреді. Ешбір жақсылығы қалмаған соң бұл дүниеден озып кетеді. Ал (кәміл) мүмин болса, күнәларының жазасын бұл дүниеде өзі, отбасы және мал-мүлкінде тартады. Алланың алдында ешбір күнәсі қалмағанда о дүниеге аттанады.

Сондай-ақ тәпсір ғалымы Ибн Жузей (р.а.) былай дейді: "Аяттағы кімде-кім тозаңдай жамандық жасаса, соның жазасын көреді деген үкім тікелей кәпірлерге қатысты айтылған. Ал мүминдер мына төмендегі жағдайларда жазасын алады:

• Күнәларына тәубе етпей өлсе,

• Таразыда күнәларын ауыр басатын жақсылығы болмаса,

• Бұл мәселеде оған шапағат етілмесе,

• Бәдір шайқасына қатысқандар сияқты істеген амалдары үшін кешірім алғандардан болмаса,

• Алла тағала оны мейірімімен кешірмесе. Өйткені күнәһар мүминдер Алла тағаланың еркіне қалдырылған. Қаласа азаптайды, қаласа кешіреді».

Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Құл тәубе еткенде, Алла тағала хафаза періштелеріне оның күнәларын ұмыттырады. Сол сияқты оның ағзаларына да, жер бетіндегі бұл күнәні білетіндерге де ұмыттырады. Сөйтіп, ол күнәсіне Алладан басқа куәгерсіз Раббысының құзырына шығады».

 

Пікірлер Кіру