ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ БОЛУ
Алланың рақымымен аштықтан, жоқшылықтан, қауіп-қатерден аман адамдар Аллаға шүкір етіп, құлшылықтарын өтеулері керек. Осы құлшылықты атқару кезінде шариғат талап еткендей, жетім-жесірге қамқорлық жасап, кедейдің мұң-мұқтажын өтеп, аш адамды тойдыру мұсылманның міндеті. Шамасы жете тұра, мұны істемегендердің Алланың алдында жазасы ауыр болатыны сөзсіз.
Денесімен немесе мал-мүлкімен қызмет, құлшылық жасамай, діндар болып көрінетіндердің азғантай болса да көмек көрсетуден жалтарып сараңдық танытуы неткен өкінішті жағдай!
«Мағун» сүресінің 3-аятының тәпсірінде былай деп айтылады.
«...Және ол сараң адам, қайырымдылықтан алыс болғаны сонша, кедейлерді тамақтандырмайды, өзі де қандай да бір игілікке себепші болғысы келмейді. Өзі мұндай игі істі жасамағанымен қоймай, жақындарының немесе басқа да ауқатты адамдардың ас беруіне, кедейлерге қамқорлық жасауларына дәнекер болғысы келмейді, оларды мұнай қайырлы іске шақырмайды да. Тіпті, басқалардың жақсылық жасауына қызғанышпен қарайды.»
Бұл аятта адам қолынан келсе, өз мал-мүлкінен жетімдерге, кедей-кепшікке көмектессін деген нұсқау бар. Егер өзінің мұндай мал-мүлкі болмаса, онда басқаларды осындай игі істер істеуге шақыруы керек. Адамзат үшін қайырымдылық жасауда кенжелеп қалмауы керек. Дәрменсіз кедейді тамақтандырған адам, оған өз ақысын, ризық-несібесін беріп, кедейге қарызын өтегендей болады. Алла тағала «Зарият» сүресінің 19-шы аятында былай дейді:
«Олардың мал-мүлкінде «сұраушының» (көмек сұрағандардың) және «мұқтаждың» (көмек сұраудан ұялған кедейлердің) ақысы бар». Бұл аятта олардың ақысын өтеу қатаң түрде ескертіліп, кедейлерді сөгуге тыйым салынған.