ЖАРАТҚАН ИЕ, КЕШІРЕ ГӨР!

05 сәуір 2024 1972 0
Оқу режимі

Ерте заманда бір кедей адам қалаға дейін жалаңаяқ жүріп, жаяу барады. Оның аяғында аяқкиімі, тіпті сатып алатын ақшасы да жоқ еді. Тіпті аяқтарын құм күйдіріп, тастар тілімдеп, табанын жара қылады.

Ормандағы хайуандардың да аяқтарын тастан, тікеннен қорғайтын бір қасиеті болатыны секілді, өзіне ондай мүмкіндік бермеген Алланың әділетсіздігін айтып, ащы тағдырын ойлап қайғырады.

Соңында үлкен қалаға жетіп, қаладағы мешітке келеді. Мешіт алдына келсе алдында екі аяғы жоқ, қайыр тілеп отырған қайыршыны көреді. Мұны көреді де, тәубесіне келіп, үлкен ойға қалады.

«Тағдырыма налығаным дұрыс емес екен. Аяқ киімім жоқ болса да, бір тілім нан үшін арлы-берліге сүйретіліп отырған мына пендеден мың есе бақытты екенмін… Бұрынғы шағымым, бұлданғаным үшін Жаратқан Ием, кешіре гөр!», – деп мешітке кіріп, тізе бүгіп дұға етіп, тәубе етеді.

Мешіттен көңілі бірленіп, тәубеге келгеніне шүкір етіп, қайтадан жолға шығады. Тас жолда бірнеше күн жүріп, аяқтарының терісі қатаяды. Осылайша он екі мүшесінің саулығын тілеп, Аллаға шүкір еткен әлгі кедей күйіп тұрған құмдардың үстінде кетіп бара жатқанын елемеген де екен.

Иә, кез-келген адам Аллаға шүкір етуі керек. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Мені еске алып, маған шүкірлік етіңдер де күпірлік жасамаңдар» – деген. Бұл Бақара сүресінде келген аят. Демек, бұйрық райында келуі бізге шүкірлік ету міндеттеледі. «Сол уақытта Раббыларың: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты» деп ескертеді» (Ибраһим сүресі, 7-аят).

Кейбіреулер пендешілікке салынып Алла Тағаланың осыншама берген  жақсылықтарын біле бермейді. Бұл жайлы Алла Тағала Құран Кәрімнің Ағраф сүресінің 10-аятында: «(Ей, Адам балалары) Біз сендерді жер бетіне орналастырдық, сөйтіп, онда сендер үшін (ішіп-жейтін тағамдар, киінетін киімдер, мініс көліктері сияқты көптеген) тіршілік заттарын жасадық. (Бірақ) сендер (өмірдің қызығына беріліп кетіп, бұлар жайлы кем ойлайсыңдар, сондықтан) өте аз шүкіршілік етесіңдер» дейді.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

 

Дереккөз: казислам.кз

Пікірлер Кіру