Абайдың 175 жылдығына орай қайырымдылық семинар-тренингі болып өтті (ФОТО-ВИДЕО)

26 қаңтар 2020 5092 0
Оқу режимі

Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде хакім Абайдың 175 жылдығына орай «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой!» атты қайырымдылық семинар-тренингі болып өтті. Ғибратқа толы басқосуға 50-ге тарта әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қатысты.

«Балық берме, қармақ бер!» тәмсілі аясында жүзеге асқан шараға ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің «Рухани жастар» қанаты және «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Инабат» қыз-келіншектер клубы мұрындық болып отыр.

Шара шымылдығын ашқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ерболат Жусупов ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жылы лебізін жеткізе отырып, жиналған қауымға еңбек етудің шариғатымыздағы орны мен мән-маңызына тоқталып өтті. 

Ал, «Толық адам» болудың 4 жолы – Абайдың сөздерін ағылшынша үйрететін әдістеменің авторы, «Qazaq English» орталығының директоры Ернат Мелсұлы тіл білу әлемнің кілті екендігін ерекше атап, келіп отырған жамағатқа ағылшын тілін тегін үйрететіндігін жеткізді.

Сондай-ақ, кәсіпкер Балжан Медетова жиналған әйел жұртшылығына мотивациялық тұрғыдан жігер беріп, демеу сөздерін айтты. Біраз жылдан бері тәтті өнімдерді жасаумен айналысып келе жатқан маман келушілерге тегін шеберлік сыныбын өткізетіндігін атап өтті.

Шара соңында әлеуметтік жағдайы төмен 50 отбасыға арнайы әзірленген азық-түлік сөмкелері табыс етілді. Келушілер басқосудан алған әсерлерін айтып, өз ризашылықтарын білдірді. 

Осы бір игі шара еліміздің басқа да аймақтарындағы белсенділер ұйымына эстафета ретінде жолданып отыр. «Хакім Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой!» атты қайырымдылық шарасы және тренинг-семинар эстафетасын барлық облыстарға жолдаймыз!», деп атап өтті ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігіне қарасты «Рухани жастар» қанатының жетекшісі Махамбет Искандеров.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Пікірлер Кіру