Алматыдағы «Байкен» мешітінде «Балапан қари» орталығы ашылды (ФОТО)

11 наурыз 2019 7159 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен «Жастар жылына» орай, Алматы қаласы Байкен мешітінде «Балапан қари» орталығы ашылды.

Орталықтың ашылу салтанаты балдай тәтті бүлдіршініміздің Құран оқуымен басталды. Содан Байкен мешітінің Бас имамы Данияр Жұмабаев келген қонақтарға құттықтау сөз сөйлеп, орталықтың ашылу мақсатына тоқталып өтті.

Одан әрі Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлына сөз берілді.

Бас имам: «Құрметті игі жақсылар! Бүгін, мінеки, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қолдауымен «Балапан қари» орталығы ашылып отыр. Бұл – үлкен серпіліс, зор қуаныш. Әрине, баянды болашақ кепілі – иманды да білімді, бәсекеге қабілетті, дені сау ұрпақ екені белгілі. Ал, мұндай тәлімді тәрбиенің бастауы – отбасыдан, баланың жас күнінен басталады. Сондықтан бүлдіршіндеріміздің осындай орталықтарда тәлім-тәрбие алуы көңілге қуаныш сыйлайды», – деп орталықтың ашылуымен құттықтады. 

Сондай-ақ, орталықтың ашылуына Бостандық ауданының бас имамы Аташов Әсет, Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Ерсін Әміре және бас ұстазы Талғат Сапанов қатысып, өздерінің тілектестік ниеттерін білдірді.

«Балапан қари» орталығына жауапты ұстазы Малика Ергешова орталыққа бала қабылдау шарттарына тоқталып өтті. Ол орталыққа қабылданатын бүлдіршіндердің жасы – 5 пен 7 жас аралығында болу керектігін және балаларды дәріске алып келу-алып кету ата-ананың міндетінде екенін айтты.

Ал, мешіт ақсақалы Әбдісұлтан Оспанов атамыз орталықтың ашылуына ақ тілегін ақтарып, қол жайып бата берді.

Келген қонақтар «Балапан қари» орталығының тұсауын кесіп,бүлдіршіндердің тәлім алатын бөлмесімен танысты.

Осылайша шашу шашылып, ақ тілектермен басталған игі іс одан әрі жалғасын тауып, бүлдіршіндердің жарқын болашағына жол бастай берсін дейміз.

Дереккөз: azan.kz

Пікірлер Кіру