«Астана» медресе-колледжінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді (ФОТО+ВИДЕО)
Бүгін Елорда руханияты тарихындағы ақ түйенің қарны жарылған ақжолтай күн болды. Еліміздің Бас шаһарындағы діни білім беру жүйесінің жаңа сатыға көтеріліп, жан-жақты дамуының белгісіндей болған салтанатты шаралар бірінен соң бірі қатар өтіп, Елорда жұртшылығының қуанышын молайта түсті.
Жамағат ризалығын тудырған жағымды жаңалықтардың легі «Әлжан ана» мешіті жанынан «Астана» медресе-колледжінің Қыздар бөлімінің ашылуымен басталды. 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен ашылған «Астана» медресесі бүгінге таңға дейін сегіз мәрте түлектерін ұшырып, еліміздің діни кадр даярлау жұмысына үлкен үлес қосып келеді. Соңғы жылдары орыс тілі бөлімі іске қосылып, жаңа оқыту жүйесі қалыптасқан болатын.
Биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің бастамасымен «Астана» медресе колледжінің Қыздар бөлімі ашылып, сынақ емтиханынан сүрінбей өткен 22 қыз оқуға қабылданған болатын. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бастаған ҚМДБ қызметкерлері мен қала имамдарының, зиялы қауым өкілдері мен Елорда жамағатының қатысуымен бүгін «Әлжан ана» мешіті жанынан Қыздар медресесі салтанатты түрде ашылып, көпшіліктің ақ батасымен жұмысы басталды.
Сондай-ақ, соңғы жылдары медресеге түсуге талап білдірген шәкірттер санының көбеюіне орай «Астана» медресе-колледжі жаңа оқу жылында жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Ашылу салтанатында Сөз сөйлеген Серікбай қажы Ораз қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елдегі діни кадр даярлау ісінің бір жүйеге түскенін айтып, сырттан шақырылатын мамандарға зәрулік жоғын жеткізді. Білім жолындағы шәкірттерге ақ батасын арнап, үздік оқуларына тілектестігін білдірді.
Елорда тарихындағы айрықша оқиғаға қала әкімі Алтай Көлгінов те өз тілеулестігін білдіріп, арнайы құттықтау лебізін жолдады. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму істері басқармасының бөлім бастығы Нұрдәулет Әлмұқан салтанатты шара аясында жамағатқа шаһар басшысының құттықтауын оқып беріп, ҚМДБ басшылығы мен медресе ұжымына алғысын жеткізді.
Үш қабаттан тұратын жаңа ғимарат ішінде шәкірттер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Демеуші азаматардың қолдауымен барлық жатын бөлмелер мен оқу залдары, кітапхана мен дәріс бөлмелері, спорттық жаттығу залдары мен арнайы информатика кабинеті түгелдей жаңа жиһазбен жабдықталған. Сондай-ақ, медресе басшылығының ұйымдастыруымен шұғыл медициналық көмек көрсететін арнайы дәрігерлік бөлме де ашылып отыр.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: Muslim.kz