Астанада әйелдер ұйымдарының рөлі туралы конференция басталды (ФОТО)

26 қазан 2018 6586 0
Оқу режимі

Елордада «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты конференция басталды, деп хабарлайды kazislam.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.

Конференция жұмысына 120-дан астам адам қатысты, олардың қатарында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, әйелдер ұйымдарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ, республиканың өзге де аймақтарынан келген жастар қозғалысы мен қоғамдық пікір көшбасшылары бар.

Жиынға жетекшілік еткен Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Жанаханов: «Біз жаңа қоғам құру жолындамыз, сондықтан, жастарымызға тәрбие беру мәселесіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту, халқымыздың салт-дәстүрлерін жалғастыру мен бекемдеу жауапкершілігі — жастарға жүктелген» деп атап өтті.

Конференция Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында, әйелдер мен жастар үкіметтік емес ұйымдарының мемлекеттік органдармен қоғамда радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру жұмысындағы өзара әрекеттесу мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Аталған конференцияда зайырлы мемлекеттегі дін мәселелері, жастарға діни экстремизмнің әсер етуін болдырмау, рухани-адамгершілік тәрбие беру, жас қазақстандықтардың азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, сондай-ақ, деструктивті, радикалды діни ағымдарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі жөніндегі мәселелері талқыланып жатыр.

Дереккөз: ummet.kz

Пікірлер Кіру