ӘЙЕЛ ШӘКІРТТЕРГЕ АРНАЛҒАН «ҚҰРАНМЕН ҚАУЫШУ» КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

28 қаңтар 2023 3172 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Діни сауат ашу курсында оқитын әйел шәкірттерге арналған «Құранмен қауышу» кеші болып өтті.

Шараны «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, қари Омар Салимбеков қасиетті Құранмен ашып берді. Наиб имам Әділхан Серікбай Құран оқудың пайдасы мен сауабы жайында насихат айтып, ізгі тілектерін білдірді.

Оқу жылының басында  жаңадан қабылданған шәкірттердің «Құран әліппесін» толықтай меңгеріп шығуына орай ұйымдастырылған шара аясында 200-ге жуық қыз-келіншекке арнайы анықтама қағазы табысталды. Салтанатты рәсімнен соң берекелі дастархан жайылып, Құран Хатым дұғасы оқылды.

Мешітіміздің  ұстаздары Зарина Шамидуллақызы, Эльмира Бұхарбаева, Әсел Дүйсебекқызы, сондай-ақ, болашақ ұстаз, практикант Татьяна Сыщенко шәкірттерге бүгінгі шараның мән-маңызын түсіндіріп, діни білім жолындағы алғашқы белестерімен құттықтады.

Бүгінгі рухани кешке мешітіміздің «Құран оқу» және «Құран жаттау» тобының шәкірттері де келіп, Құранға түсіп жатқан топтарға үлкен Құран кітабын сыйлады. Алайда, шәкірттер өзара келісе отырып, бұл кітаптарды әйелдер намазханасындағы сөрелерге қоюды шешті. Ұстаздар жоғары топтарға алғысын білдіріп, бұл оң шешім болғанын, сондай-ақ, мешіт сөрелеріне Құран Кәрім қоюдың үлкен сауап екенін айтты.

Шараға қатысушы шәкірттердің барлығына арнайы анықтама қағазымен бірге қасиетті Құран кітабы сыйға берілді.

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру