Балалар үйінде спорттық сайыс ұйымдастырылды (ФОТО)

04 ақпан 2019 8681 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін кешегі жексенбі қызыққа толы өтті. Сейфуллин көшесінде орналасқан орталықтағы бүлдіршіндердің демалыс күнін думанға айналдыруды көздеген республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Инабат» қыздар клубы арнайы зиярат етіп, бірқатар шаралар ұйымдастырып қайтты.

Игі шараға өз үлестерін қосқан Астана қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері бұл күні бастауыш сынып оқушыларына арнап психологиялық тренинг өткізіп, бүлдіршіндерге сабақ жүргізді. Ал, 5-8 сынып оқушыларына спорт ойындарынан эстафеталық сайыс ұйымдастырылып, «Инабат» клубының мүшелерімен бірге жарысты. Жоғары сыныпта оқитын жасөспірімдер волейбол ойнап, өзара жеңімпаз топты анықтауға тырысты. Айта кетейік, сайыс соңынан барлық қатысушылар мен жеңімпаз топтарға арнайы кубоктар табыс етіліп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Небір қызықты сәттер орын алған спорт сайыстарынан соң арнайы дастархан жайылып, мешіт жастары Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен етене араласып, тіл табысуына тағы бір мүмкіндік орын алды. Тәтті тағамдармен бірге «Инабат» клубы жастарының мейірім-шуағына көңіл тойдырған бүлдіршіндер үшін бұл күннің ұзақ есте сақталары сөзсіз. Бүлдіршіндерге естелік болсын деген ниетпен таратылған арнайы футболкалар мен блокноттар, қалам-қарындаш, альбом секілді сыйлықтардың да бұл күнді ұзақ ұмыттырмай, жанға жылу сыйлап жүретін болмақ.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ»  айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру