Бас мешіттің бала шәкірттері Ұлттық музейге саяхат жасады (ФОТО)

26 маусым 2019 6339 0
Оқу режимі

Қасиетті Рамазан айы аяқталысымен еліміздегі құлшылық ордаларында дәстүрлі «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы ашылып, еліміз бойынша мыңдаған бүлдіршін жазғы демалыстарында пайдалы білім алып, имандылық нәрімен сусындауға кіріскен болатын. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде 12-маусым күні жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастап, жалпы саны 400 бала қабылданғаны жайлы жарияланған болатынбыз.

Курс бағдарламасы аясында бүлдіршіндер арабша хат танып, Құран оқуды меңгеріп қана қоймай, әдеп, ғибадат сабақтарын да өтіп, рухани көркемдікке қол жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, ата-ананы құрметтеу, білім игеру, Отанды сүю, жамандықтан қашық болып, жақсылық жасауға талпыну секілді түрлі игі қасиеттерді бойларына сіңіре түсу мақсатында тәлім-тәрбие жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Сауат ашу курсының әр күні бүлдіршіндердің ынтасын арттыра түсу үшін түрлі викториналық ойындар да өткізіліп тұрады.

Бүгін осындай игі шаралардың бірі – «Тарихтан тағылым» саяхат сабағы болып өтті. Жыл сайын жазғы сауат ашу курсының қатысушылары арасында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Тарихтан тағылым» шарасы аясында бала шәкірттер Ұлттық музейге саяхат жасады. Мешіт имамдары мен ұстаздарының арнайы жетекшілігімен бүлдіршіндер музей ішінде туған тарихымызбен танысып, құнды жәдігерлерді тамашалап қайтты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру