Бас мешіттің еріктілер тобы Талапкер тұрғынына қол ұшын созды (ФОТО)

07 наурыз 2020 6227 0
Оқу режимі

Қиналғанға қол ұшын созып, қайырымдылық жасау - қашанда қоғам игілігін арттыратын абзал амалдардың бірі. Осы себепті де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысының басты бағыттарының бірі болып бекітілген қайырымдылық шараларына жыл сайын баса мән беріліп, жұмыс ауқымы да артып келеді. Бүгінгі таңда түрлі қайырымдылық шаралары тұрақты түрде республикалық көлемде ұйымдастырылып, жыл санап жаңа жобалар да пайда болуда. ҚМДБ-ға қарасты құлшылық ордаларының қайырымдылық құшағы мешітке келушілермен ғана шектелмей, әлеуметтік желі арқылы да жәрдем сұрағандарға жылу сыйлап, жылағанда жанынан табылып келеді.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «2020 - Еріктілер жылы» деп жариялауына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша діни қызметкерлерге үндеу жариялап, бабаларымыз армандап өткен «Ізгі қаланың тұрғындарын» қалыптастыруға үлес қосуға бастаған болатын. Осы орайда ел мешіттерінің жамағаты мен шәкірттері арасында көптеген еріктілер тобы құрылып, қоғам арасында қайырымдылық шоғын маздатқан шаралар жаңа қарқын ала түскендей.

Елорда мешіттері арасында да еріктілер тобының қатысуымен өткізіліп келе жатқан арнайы сенбіліктер мен қар күреу жұмыстары, әсіресе, биылғы қыстың қаһарына қатты ұшыраған қала тұрғындары үшін едеуір көмек болып келеді. Қыстың боранды күндері «тегін такси» қызметін ұйымдастырып, жүргіншілерді жолда қалдырмаған тырысқан ерікті жандар енді қар күреу жұмыстарын жұмыла жүргізу үстінде. Күндердің сұлтаны бүгінгі жұма күні де «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұйымдастырумен еріктілер тобы тағы бір сауапты іс тындырды.

Әлеуметтік желіде үйі қардың астында қалғанын айтып, су ерісе баспанасын басып қалатын айтып жәрдем сұраған Талапкер ауылының тұрғынының жазбасы жүректерді бей-жай қалдырмай, жұма намазынан соң «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері мен еріктілер тобы аталған мекенжайға бет алды. Кей тұсы кісі бойындай биіктікте сіресіп қатқан қарды күреуге қажетті техника жалға алынып, жазба авторы Нұргүл ханымның «қар ерісе» деген қорқынышы күреліп тасталды. Игі істің басынан табылған «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов Нұргүл Афлаевамен жүздесіп, жылы лебізін білдірді.

«Мен 4 баланың анасымын. Жолдасым дәнекерлеу жұмыстарымен айналысады. Көршілерімізбен бірігіп техника жалдап көрдік. Бірақ,  қайта-қайта техника шақыртуға қаржы тапшылығы қолбайлау. Амалсыз белгілі «TAUNEWS» ақпараттық агенттігіне хабарластық.

Шыны керек, көз жасым жерде қалмай, отбасымызға төнген жағдай туралы журналистерге берген үндеуім Муфтияттің діни кызметкерлеріне жетіп, көмек осынша тез келеді деп ойламаған едік. Мешіт қызметкерлері қарға көміліп қалған үйіміздің ауласын тазалап, балаларымызға тәтті де әкелді.

Тұтас бір ауылдың, жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеген еріктілердің еңбегі – ерлік! «Жақсылық жасау жүректен» деген осы болса керек» – деп алғысын білдірді Нұргүл Афлаева.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру