Бас мешіттің техникалық қызметкерлеріне дәріс басталды (ФОТО)

17 қыркүйек 2019 8055 0
Оқу режимі

Мешіт – мұсылман жамағатының бес уақыт намазын оқып, құлшылығын өтейтін ғана мекен емес. Бүгінде еліміздегі мешіт атаулы міндет-мәртебесі артып, білім мен ғылымның ордасына айналған. Жыл сайын еліміз бойынша мыңдаған жанның діни сауат ашып, білім арттырып келе жатқаны – осының айқын дәлелі. Бұдан бөлек, еліміздегі құлшылық ордаларының қайырымдылық мекеніне айналғанына да куәміз. Сондай-ақ, күн сайын көптеген жанның ақыл-кеңес сұрай келіп, рухани қолдау іздейтін орны да осы мешіттер.

Осы орайда, мешіт қызметкерлерінің мәдениеті мен әдебі, мінез-құлқы мен мейірімділігі – келуші жамағаттың көңіліне өз әсерін тигізіп, түрлі нәтижесін беріп жатады. Осыған байланысты бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде техникалық құрам қызметкерлеріне арналған арнайы дәріс сабақтары басталды. Алғашқы дәріс сабағын наиб имам Қанат Қыдырмин өткізіп, тазалықшы қызметкерлерге көркем мінез жайлы келісті уағыз айтты.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бұл дәрістер сабағы құлшылық ордасындағы тазалықшы, күзетші және басқа да техникалық қызметкерлерге, асхана жұмысшыларына ай сайын тұрақты түрде өткізіліп отыратын болмақ. Дәріс барысында Исламдағы көркем мінез-құлық мәселесі, кішіпейілдік мен әдептілік, мешіт ережесі мен әдебі секілді тақырыптар тарқатылып, мешіт қызметкерлерін көркем мінезділікке баули түсетін болады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру