БАС МҮФТИ АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак университетінде Хусамуддин әс-Сығанақидың рухани мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Басқосуда баяндама жасаған Бас мүфти: «Өмірін ғылым мен білімге арнаған бабаларымыздың бірі де бірегейі – ортағасырлық ғұлама Хусамуддин әс-Сығанақи. Ол тек діни ғылымдарда ғана емес, жалпы ислам мәдениетінің, адамгершілік, рухани құндылықтардың дамуына зор үлес қосты. Бабамыздың қалдырған мол мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына болып табылады. Бүгінгі конференцияның басты мақсаты – Хусамуддин әс-Сығанақидың бізге жетпеген қолжазба еңбектерін зерттеп, ғылыми айналымға енгізу, оның ізбасарларының еңбектерін талқылау. Бұл – біз үшін өте маңызды қадам. Өйткені, ата-бабаларымыздың мұрасын жаңғырту арқылы біз еліміздегі ислам дінінің және ғылымның дамуына зор ықпал ете аламыз. Осындай ғылыми конференциялар арқылы біздің рухани дүниеміз байып, тарихымыз тереңдей түседі» деді.
Айта кетсек, конференцияда Мысыр Араб Республикасының Уақыптар министрі, доктор, профессор Усама әл-Азһари бейне құттықтауын жолдады. Сонымен қатар елімізге белгілі ғалымдар арнайы баяндама жасады.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі