БАС МҮФТИ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ИСЛАМ ЛИГАСЫНЫҢ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСТІ

09 қазан 2024 673 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ислам Лигасы Бас хатшысының халықаралық істер жөніндегі өкілі Әбдел Әзиз бен Ахмад Сархан мырзамен кездесті.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселелері сөз болды. Тараптар әлемдік сын-қатерлерге үн қатудың маңызын талқылап, мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін нығайту жөнінде пікір алмасты.

Мәртебелі мейман Қазақстан Республикасының бастамасымен әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің дүниежүзі халқын бірлікке үндеген бастамасын қолдайтынын, сонымен қатар адамдар арасындағы татулық пен достықты арттыру өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.

Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен жақында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасының кезекті жиыны жайлы, онда көтерілген мәселелер туралы тілге тиек етті. Қазіргі уақытта дін лидерлерінің қоғамдық тұрақтылық пен тыныштыққа қосар үлесінің зор екенін айрықша атап өтті.

Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру