Бас мүфти мектеп бітіруші түлектерге насихат айтты (ФОТО+ВИДЕО)
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде мектеп бітірген оқушыларға арналған «Жолың болсын, жас түлек» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Қалалық білім басқармасының қолдауымен шараға 3 000-ға түлек қатысып, ел ағаларының насихатын тыңдап, батасын алды.
Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған жас түлектерге ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы насихат айтып, ізгі тілегін білдірді. Білімнің пайдасы жайлы ой қозғап, тәуелсіз еліміздің болашағы – білімді жастар қолында екенін ескертті. Сондай-ақ, өмірдегі түрлі сәтсіздіктер мен қиындық соңынан жақсылық барын ұғындырып, жастарды жігерлендіре түсті.
Үлкен өмірге деген алғашқы қадамдарын Алланың үйінен бастап, үлкендердің ақ батасын алуға асыққан жас түлектерге белгілі қоғам қайраткері, республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұқановтар да насихат айтып, өз құттықтауларын білдірді.
Шара соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жас түлектерге ақ батасын берді.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: Muslim.kz