Бас мүфти қажылық фирма жетекшілерімен кездесті (ФОТО)

11 маусым 2019 5462 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қажылық компанияларының жетекшілерімен жиналыс өткізді.

Жиынға ҚМДБ Аппарат басшысы Ғ.Мажиев, ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқарма басшысының м/а Нұрбаев Досымжан, ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының Бас сарапшысы Қабылов Нұрғали және ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Ж.Бекжігітов, ҚМДБ Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі М.Әбдіхалықов және Қажылықпен айналысуға қабілетті деп танылған 18 туристік фирманың басшылары қатысты.

Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы:

«Қажылықты ұйымдастыру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Елден қасиетті мекенге аттанған әрбір қажы – бізге аманат. Қажыларға қызмет көрсететін Қажылық Миссиясы да қажылық фирмалары да осыны үнемі жадында ұстауы керек. Қажылықты ұйымдастыруға қойылатын талаптар да жылдан жылға күшейіп келеді, сапасы да жетіле түсті. Қажылық құлшылығын өтеп келетін қажыларымыз да жауапкершілікті түсіну қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның. Қоғамға пайдасы тиюде Пайғамбардың табаны тиген қасиетті мекенді зиярат етіп келген қажыларымыз алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Өзінің өнегесімен, көркем мінезімен, адалдығымен, әділдігімен қашанда өнеге болулары керек», - дей келе фирма жетекшілеріне ҚМДБ Қажылық бөлімінің жаңа басшысы Жәнділла Мамытханұлын, Қажылықтың электронды жүйесіне жауапты Мұрат Манапұлын таныстырып, біріге жұмыс жасауға шақырды.

Кездесу барысында қажылықпен айналысуға қабілетті деп танылған туристік фирмалардың «Қажылық-2019 маусымына дайындығы да пысықталды. Атап айтқанда, биылғы қажылық маусымын ұйымдастыру барысында қажылыққа аттанатын әрбір азаматпен типтік келісім-шарт жасалу, қажыларға менингокок инфекциясына қарсы екпе салуды қамтамасыз ету, қажыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен ұсынылған пакет құнына (бағасына) сай болу, қажылықпен айналысатын қажылық компанияларының жеке сайтының болуы. Ол сайтта ұсынылған пакеттердің айырмашылығы, бару-қайту мерзімі, қонақүйлердің жай-күйі сынды т.б. қажыларға керекті барлық мағлұматтардың көрсетілу қажеттігі баса айтылып, тиісті нұсқаулықтар берілді.

Өз кезегінде, қажылық фирма өкілдері ҚМДБ-ның бұл талаптарын бірауыздан қолдап, талапты орындауға дайын екендіктерін жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру