БАС МҮФТИ ҚҰРАНДЫ ЖАТҚА ЖӘНЕ МӘНЕРЛЕП ОҚУДАН САЙЫСТЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫН АШТЫ (ФОТО)

13 тамыз 2024 1139 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан XIІІ республикалық байқауға іріктеу сайысы өтті. 

Онда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, іс-шараның шымылдығын ашты. Ол Қасиетті Құранды оқудың, жаттаудың мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар, халқымыз қасиетті кітапты ертеден қастерлегенін атап өтті.

«Құран Кәрім – Алланың сөзі. Сондықтан Құран Кәрім – құндылығын ешқашан жоғалтпайтын асыл қайнар, құнды мұра. Құран Кәрім – даналық пен өсиетке толы ұлы кітап. Қасиетті Құранның бағасын, маңызын шегелеп, нақтылаған деректер дінімізде өте көп. Мәселен, Жаратушы Иеміз «Құрандағы» «Ағраф» сүресінің 204-аятында: «Құран оқылған кезде оған құлақ салып, үнсіз тыңдаңдар! Сол кезде Алланың рақымына бөленесіңдер» – дейді. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Бұл Құранды оқыңдар. Себебі ол Қиямет күні өз иелеріне (яғни Құранды лайықты түрде оқып, амал қылған кісілерге) шапағатшы болады» – деген.

Мұны халқымыз ежелден ұғынған. Яғни, ұлтымыз Алланың сөзі Қасиетті Құранды қастерлеген. Сондықтан бабаларымыздан Құран жайлы көптеген асыл сөз, терең өсиет қалған. Мысалы, қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза былай дейді:

«Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.

Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.

Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.

Ең бірінші – Құран!

Екінші – хадистер!

Ұлы классиктер.

Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.

Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.

Кітап – өмірсерік.

Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.

Бір кем дүние».

Көрдіңіз бе, заңғар жазушымыз адамның рухани байытатын себеп кітап десе, ал кітаптардың ішінде ең алдымен Алланың кітабы Қасиетті Құранды атайды. Осының өзі-ақ халқымыздың Құранға деген сый-құрметін, ықыласын білдірсе керек» – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Пікірлер Кіру