БАС МҮФТИ: Татулықта болу, сол татулыққа себепкер болу – барлық нәрседен қайырлы

14 қаңтар 2019 6900 0
Оқу режимі

Қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Астана қаласындағы «Нұр Астана» мешітінде «Татулық пен бірлік» тақырыбында жұма уағызын жүргізді.

Бас мүфти береке-бірлікте болудың маңызына тоқталды:

«Біз – биік мақсатымызды жүзеге асыру үстіндегі елміз. Соның үшін елдің амандығы, жұрттың тыныштығы айырықша маңызды. Пайғамбарымыз ғалайһисалам өз өсиеттерінде момын мұсылман өзіне жақсы көргенді өзгеге де лайық көретінін, сүйіспеншілік пен бірлікте, ынтымақта өмір сүруді мақсат ететінін жеткізген. Сол биік мақсатқа жетудің түпкі маңызы мен мәні татулық пен бірлікте.  Ал, Құран аятында:

لَّا خَيْرَ فِي كَثِيرٍ مِّن نَّجْوَاهُمْ إِلَّا مَنْ أَمَرَ بِصَدَقَةٍ أَوْ مَعْرُوفٍ أَوْ إِصْلَاحٍ بَيْنَ النَّاسِ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ ابْتِغَاءَ مَرْضَاتِ اللَّهِ فَسَوْفَ نُؤْتِيهِ أَجْرًا عَظِيمًا

Яғни, «Алла Тағала бұл аятта пенделеріне «Өзара күңкілдерінің көбінде қайыр жоқ. Бірақ, кім бір садақаны не бір игілікті немесе адамдардың арасын жарастыруды әмір етсе, ол қайырлы. Және біреу, осыны Алланың ризалығын іздеп істесе, сонда оған жедел ірі сауап береміз», - дейді.

Яғни, пендешілік қылып кісінің артынан ғайбат айтып, түкке татымайтын кикілжіңдер үшін өкпе-назға беріліп, ашуға барып жататын жағдайлар болады. Бұлардың ешқайсысында қайыр жоқ. Қайыр неде бар?  Аят бойынша;

Бірінші, садақада қайыр бар. Садақа деген қолдағы ақшаны біреудің қолына ұстата салу емес. Қайта, шынайы, жүректен, көңілден ықыласпен болған дүние. Жол көрсетсеңіз де, жылы сөз айтсаңыз да, адамға қол ұшын берген әр ісіңіз садақа боп саналады.

Екіншісі, біреуді тура жолға бастауда қайыр бар. Яғни, жора-жолдастарыңыздан, жақындарыңыздан бір қателіктер кетіп жатса, соны түзетсеңіз, жақсы мен жаманның аражігін ажыратып айтқан болсаңыз, сол істе көп жақсылық болмақ.

Үшінші, адамдарды өзара татуластырып, бірлікке, ынтымаққа шақыруда қайыр бар.

Демек, адамдар арасында жанашырлық пен қамқорлықта, ізгілік пен береке-бірлікте, татулықта болу, сол татулыққа себепкер болу – барлық нәрседен қайырлы. Алла Тағала мұндай істердің сауабын «біз жеделдетіп, жылдам, тез, шексіз етіп береміз»,- дейді».

Осылайша, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мешітке келген елордалық жамағатқа мұсылмандардың асыл қасиеті болған береке-бірліктің мәні мен маңызын жеткізіп, намаз соңында елдің амандығы, жұрттың тыныштығы үшін дұға жасады.

 

Дереккөз: ummet.kz

Пікірлер Кіру