Бас мүфти: Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!

14 желтоқсан 2018 6970 0
Оқу режимі

Құрметті отандастар, бауырлар!

Баршаңызды мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Қастерлі мерекеміз құтты болсын! Әр жанұяға бақ пен береке, ырыс пен ынтымақ, мықты денсаулық, Алланың амандығы мен тыныштығын тілеймін.

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, қастерлі сөз. Өзімізге тиесілі игіліктер мен нығметтердің баршасына әуелі Алланың, содан кейін тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткіздік. Егемендік елдігіміздің еңсесін көтерді.

Халқымыздың тарихи тағдырлы көшінде сан қилы сындарлы сәттер мен қауіпті сынақтар болды. Аллаға шүкір, аумалы-төкпелі заман артта қалды. Азаттықтың ақ таңы атып, Тәуелсіздіктің тұғыры бекіді. Дініміз бен дәстүрімізді, салтымыз бен санамызды қайта жаңғырту жолында ауқымды жобалар іске асуда. Бұл тарихи бастамалар халқымыздың, мұсылман қауымының рухани өміріне үлкен серпін беруде.

Ендеше, тәуелсіздікті сақтап, бабалар аманатын ақтап, еліміз бен елдігімізді келер ұрпаққа ұлы мұра етіп қалдыру – барша азаматтың асыл борышы, мызғымас міндеті болуға тиіс. Тәуелсіздікке үлес – барлық мүддеден биік күрес.

Тәуелсіз елдің азаматтары үшін ауадай қажет мінездердің бірі – татулық пен бауырмалдық.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырған.

Тәуелсіздік ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болмақ. Ынтымағы артқан елдің ырысы мен берекесі молаяды.

Алла Тағала еліміздің амандығын, жеріміздің тыныштығын баянды еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай. Әмин!

Мереке құтты болсын, ағайын! 

 Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру