Бас мүфти жаңа ғимаратта Бас кеңесшімен кездесті (ФОТО)

21 желтоқсан 2018 5926 0
Оқу режимі

Астанада, жуырда қолдануға берілген жаңа ғимаратта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісінің дін істері жөніндегі Бас кеңесшісі Галиб Акын мырзаны қабылдады.

Мәртебелі мейман уақыт бөліп, ресми қабылдауға мүмкіндік жасаған Бас мүфтиге алғысын жеткізді. Сонымен қатар, зəулім ғимарат Астана қаласының сəулетіне айрықша сəн беріп тұрғанын жеткізді. Қоныс құтты болсын айтқан Бас кеңесші мүфтияттың жаңа ғимараттағы жаңа жұмыстарына береке тіледі.

Кездесуде Бас мүфти мен Бас кеңесші Қазақстан мен Түркия мұсылмандары діни басқармалары арасындағы келісім аясында жүзеге асып жатқан жобалар жайлы әңгімелесті. Галиб Акын Түркия тарапынан Қазақстан мүфтиятына қолдау көрсету шаралары жалғаса беретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде ҚМДБ төрағасы Серікбай Сатыбалдыұлы дін қызметкерлерінің бауырлас елде білім алуына жан-жақты мүмкіндік жасаған түркиялық әріптестеріне айрықша алғысын айтты. Сонымен қатар, Астанада Түркиядағы Хасеки сынды академиялық дəрежеде діни білім беретін іргелі оқу орнын ашуды ұсынды.

Галиб Акын бұл игі ұсынысқа қатысты оң пікірін білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру