Бас мүфтилер Бас мешіттегі жұма намазына қатысты (ФОТО)
Бүгін Елордамыздағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде еліміздің Бас мүфтилері бастаған Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ Құрылтайының делегат қонақтары бір қатарда сап түзеп, қасиетті жұма намазын оқыды. Қасиетті жұма намазына жиылған жамағатқа бүгінгі Құрылтай хабарын жеткізіп, Серікбай қажы Ораз өзінің қоштасу лебізін білдірді. Қазақстан мұсылмандарының Бас мүфтилігі қызметін Бас мешіт жамағатына жақыннан таныс Наурызбай қажы Тағанұлы жалғастыратын жеткізіп, өзінің жүрекжарды тілегін айтты.
Қасиетті жұмадағы берекелі басқосуға қазақ елінің 2012-2017 жылдар аралығындағы Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы да қатысып, жаңа мүфтиді қызметімен құттықтады. Наурызбай қажы Тағанұлының ҚМДБ тарихындағы жемісті еңбектеріне тоқталып, асыл дініміздің дамуына қосқан үлесіне өзі куә болған кезеңдермен бөлісті.
ҚМДБ тарихындағы үш мүфтидің бір-біріне көрсеткен ыстық ықыласы мен құрметіне Бас мешіт жамағаты да риясыз сүйсініп, сүйінші хабарды қуанышпен қабылдады. Асыл дініміздің дамуы жолында аянбай қызмет еткен азаматтар арасындағы бірліктің – берекеге, құрметтің – мерекеге жол ашқанына куә болды. Намаз соңынан жамағат болып қол жайып, дұға жасалды.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: muslim.kz