Еліміздің Бас мешітінде Мәуліт оқылды (ФОТО)

07 желтоқсан 2018 8573 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылған Рабиғ әл-әууәл айының құрметіне орай Мәуліт мерекесі  ұйымдастырылды. Жамағатқа есігін айқара ашқан құлшылық ордасын бүгін Пайғамбарымызға деген сағыныштан туындаған салауат кернеп, Мәуліт мерекесінің мәртебесі асқақтай түсті.

Айтулы мерекеге айрықша дайындалған мешіт қызметкерлері жұма намазына жиылған жамағатқа ерекше сый-құрмет көрсетті. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биылғы жыл тұңғыш рет мешіт жамағатына Пайғамбарымыздың сүйікті сүннеттерінің бірі – миск пен мисуак таратылып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат мәтіні жазылған парақшалар үлестірілді. Айта кетейік, еліміздің Бас мешітінде бұған дейінгі Мәуліт мерекелерінде Алла Елшісінің сүйікті жемісі – құрма тарату дәстүрлі үрдіске айналған болатын. Осылайша, биылғы мәуліт «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағаты үшін тағы бір тың жаңалығымен ерекше есте қалатын болды.

«Жәннатқа жетелейтін жол» тақырыбында айтылған жұма уағызынан соң «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ортаға шығып, жамағатқа бүгінгі Мәуліт мерекесінің мән-маңызы жайында тағылымды насихат айтып, мыңдаған жүректерде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік сезімін оятты. Екі дүние сардарының (с.ғ.с.) әрбір әрекеті мен сөзінен рухани нәр алып, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды шынайы жақсы көрудің қаншалықты маңызды екендігін де көркем түрде жеткізді.

Бұдан соң алып мешіт ішін лық толтырған жамағат Мәуліт тыңдап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауаттар жолданды. Қасиетті жұма күніне орайластырылған Мәуліт мерекесі осылайша жүректерге иман нұрын толтырып, Сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сағыныш сезімін еселеді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру