ЕЛОРДА ИМАМДАРЫНА «ИХСАН – РУХАНИ ТӘРБИЕ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

18 қараша 2026 160 0
Оқу режимі

«Әзірет Сұлтан» мешітінде Астана қаласының Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы бастаған елорда имамдарына «Ихсан – рухани тәрбие негізі» тақырыбында семинар өтті. Семинарды ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров ұстаз жүргізді.

Жиынды ашқан Бас имам ҚМДБ жұмысы негізінен төрт бағытқа басымдық беретінін еске салып, соның біріншісі – ихсан және насихат екенін атап өтті. Имамдардың әрбір амалы мен құлшылығы, одан бөлек әрбір ісі ихсанға негізделуі тиіс. Ихсан тек құлшылықпен шектелмей, күнделікті өмірде де көрінуі қажет екенін жеткізді.

«Аса Рақымды, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрметті бүгінгі семинарға қатысушы елорда имамдары, құрметті Батыржан Берденұлы! Жиынымызды Алла берекелі, білімімізді хайырлы етсін! Білесіздер ҚМДБ жұмысы негізінен 4 бағытқа басымдық береді. Соның біріншісі Ихсан және насихат бағыты. Біздің әр амалымыз, құлшылық, одан бөлек әрбір ісіміз ихсанға негізделуі тиіс. Ихсан біздің құлшылық амалдарымызда ғана емес, күнделікті өмірімізден орын алуы қажет. Қазіргі қоғамға рухани тәрбие тереңінен керек. Жастарымызға насихат қажет. «Ескерт! Өйткені ескерту мүміндерге пайда береді» делінген қасиетті Құранда. Біздің мақсатымыз да сол үнемі жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю. Аллаға шүкір насихат жұмыстары мешітімізде тоқтаған емес. Бесін, шам, құптан уағыздары және құран аяттары бекітілген кестесеге сай қала мешіттерінде тәртібімен жүзеге асып жатыр. Батыржан Берденұлы қош келдіңіз. Семинарға табыс тілеймін!», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Семинарда Батыржан Берденұлы ихсанның мәні мен рухани тәрбиедегі орнын, оның құлшылықта да, адамдармен қарым-қатынаста да көрінетінін түсіндірді. Иман, ислам және ихсан ұғымдарының өзара байланысына тоқталып, оларды тиісінше ақида, фиқһ және тасаууф ілімдері зерттейтінін айтты. Сондай-ақ ихсанды тек құлшылықта емес, күнделікті өмірде де ұстану маңызды екенін атап өтті.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру