Елорда мешіттері арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті (ФОТО)

20 наурыз 2022 3657 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігіне қарасты мешіт жамағаттары арасында «Салауатты жамағат» атты ұлттық спорт ойындары бойынша сайыс өтті. «Шейх Кунта қажы» мешітінің ұйытқы болуымен өткен сайыста қаладағы 12 мешіт жамағаты «Садақ ату», «гір көтеру», «арқан тартыс», «қол күрес», «асық ату» ойындары бойынша бақ сынасты.

ҚМДБ жариялаған «Ислам – ынтымақ пен бірлік жылы» аясында жамағат арасындағы бауырмалдықты күшейтіп, дін мен дәстүр сабақтастығын арттыруға бағытталған «Салауатты жамағат» сайысы бұған дейін бірнеше мәрте ұйымдастырылған болатын. Бір-бірімен таныс болып қалған қатысушылар да жамағат арасындағы жарасымдылықтың үлгісін көрсетті. Жамағатқа жанкүйер болып, қолдау көрсетуге қала бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған діни қызметкерлер қауымы да түгелдей қатысып, ерекше сайыс болды.

Сайыс соңында әр спорт түрі бойынша жүлдегерлерге арнайы «Алғыс хат» табысталып, естелік сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, командалардың жалпы көрсеткіштері есепке алынып, жүлделі орындар берілді.

Сайыстың ІІІ орын тұғырына «Әлжан ана» мешітінің «Әлжан ана» командасы лайық деп танылды. ІІ орынға «Ғылмани» мешітінің «Қара шаңырақ» командасы көтерілсе, «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Сұлтан» командасы жалпы есепте І орынды иеленді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру