Елорда мешіттері «Біз біргеміз» челленджіне қызу қолдау көрсетуде (ФОТО)

24 наурыз 2020 5595 0
Оқу режимі

Елімізде жарияланған төтенше оқиғаға орай жақында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы басталған болатын. Акция аясында мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуге қаржы бөлініп, сындарлы сәтте ел тұрғындарына қолдау жұмыстары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта азық-түлік қорымен қатар, гигиеналық заттар (бетперде, тазартқыш сұйықтықтар, сулы майлықтар, т.б.) қоса салынған қораптар еліміздің екі қаласында арнайы таратылу үстінде.

Айта кетейік, қала шетіндегі сауда орталығының қоймасынан күн сайын Елордамыздағы 500 отбасыға әлеуметтік пакет дайындалып таратылып келеді. Аталмыш қораптарды егде адамдар мен көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнайы жеткізу жұмыстарына да қосымша жұмыс күшінің қажеттігі туындап келеді.

Осы орайда ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігіне қарасты мешіт қызметкерлері игі іске белсене атсалысып, қиын-қыстау күнде көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс тигізіп қайтты. Жалпы жоспар бойынша, қайырымдылық акция шарапаты Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 5000 отбасыны қамтымақ. Ел басына күн туған қиын шақта мұқтаж жандарға мейірім төккен «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы сәуір айына дейін жалғасатын болмақ.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру