ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН КЕЙІННЕН МҮЛІКТІ ИЕЛЕНУ ҚҰҚЫҒЫМЕН ЖАЛҒА АЛУ ҮКІМІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

18 қараша 2026 148 0
Оқу режимі

Елорда имамдарына Ғұламалар кеңесінде қабылданған кейіннен мүлікті иелену құқығымен жалға алу (ижара) келісімінің шариғи үкімі таныстырылды. ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен жиынға елорда мешіттерінің пәтуа жөніндегі мамандары жиналды. Жиынды «Нұр-Сұлтан» мешітінің ұстазы Тамирлан Дарханұлы жүргізді.

Жиында мұндай келісімде тараптардың бірі екіншісіне мүлікті белгілі бір мерзімге ақыға жалға беретіні түсіндірілді. Жалдаушы төлемдерді толық өтеген соң, мерзім аяқталғанда мүлік бөлек келісім негізінде, яғни сауда немесе сыйлық арқылы оның меншігіне өтеді. Ғұламалар мұндай қаржы өніміне рұқсат берген, бірақ бірнеше шарттың сақталуы тиіс екені айтылды.

Алдымен жалға берілетін мүлік жалға берушінің өз меншігінде болуы керек. Жалдау мерзімі мен бүкіл мерзімге белгіленген ақы мөлшері келісімшарт жасалған сәтте нақты айқындалуы қажет. Жалдау және сауда (немесе сыйлық) келісімдері бір-бірінен тәуелсіз, бөлек жасалады, себебі шариғатта екі келісімді бір келісімнің ішінде біріктіруге тыйым салынған. Жалдау кезінде тек жалға беруге қатысты ережелер, ал мүлік меншікке өткенде сауда-саттыққа (немесе сыйлыққа) тән талаптар сақталады. Сонымен қатар жалдау мерзімі біткен соң мүлік иесі мүлікті сату немесе сыйға беру уәдесін орындауға тиіс. Уәкілдікке қатысты шариғат талаптары да толық сақталуы шарт.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру