«Ғылмани» мешітіндегі «Мектепке жол» акциясы 120 баланы қамтыды (ФОТО+ВИДЕО)
Бүгін «Ғылмани» мешітінде де «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті.
Жылдағы үрдіс бойынша елордалық мейірімді жандардың демеуішілігімен және мешіт қызметкерлерінің атсалысуымен 120 балаға мектеп сөмкесі және оқу құралдары таратылды. Сондай-ақ, әр балаға 5000 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.
Шараға республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Садырханов және «Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Бекболатұлы қатысты.
Сөз алған Жұманазар Өсерханұлы бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтап, білім сапарларына сәттілік тілей келе: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруыменен жыл сайын дәстүрлі түрде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтіп келеді. Биыл елорда мешіттері мыңға жуық баланы мектепке дайындап отыр. Осы акцияға атсалысып, демеушілік жасап жатқан атымтай азаматтарға Алла риза болсын, кәсіптеріне береке берсін!», – деген тілегін білдірді.
Аталмыш акцияға ата-аналар қауымы дән ризашылықтарын жеткізді. Осылайша, мешітіміздің ұйытқы болуымен қаламыздағы көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалар жаңа оқу жылына дайын әрі көңілді баруына жәрдемдесті.
Дереккөз: «Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі