Иорданияда Астана көшесі пайда болды

21 желтоқсан 2018 5892 0
Оқу режимі

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов ресми сапарымен Иордания астанасы Амманға барды. Бұл туралы Астана әкімдігінің сайты хабарлады.

Кеше Иордания астанасы көшелерінің біріне Қазақстанның елордасы — Астана атауы берілді. Көшені ашу салтанатына Қазақстан астанасының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Иорданияның бас қаласы Амманның мэрі Юсуф әл-Шауариба қатысты. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания королі ІІ Абдолла арасындағы достық қарым-қатынастың өзгелерге үлгі екендігін, екі елдің мүддесі үшін қызмет ететінін тілге тиек етті. Ол аммандықтарға Елбасымыздың қызметіне деген ықыласы үшін өз алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, 2010 жылы Иордания астанасындағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын.

«Біз барша аммандықтарға біздің Елбасыға көрсеткен құрметі үшін өз алғысымызды айтамыз. Жаңа ғана жоғары мәртебелі Шауариба мырзамен бірге Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшеде болып, оның дамуын көріп қайттық. Ал енді Қазақстан астанасының атымен аталатын көшені ашып отырмыз. Бұл оқиға жас Астананың 20 жылдығы тойланып жатқан жылы орын алып отыр. Ол біздің қалалар мен елдердің тұрғындары арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне жаңа импульс беретіндігіне сенімдімін» деді Б. Сұлтанов.

Дереккөз: kazislam.kz

Пікірлер Кіру