«Ханшатыр» сауда орталығында «Құрбан айтта қуандыр!» жобасы өтті (ФОТО)
Қасиетті Құрбан айт – исі мұсылман қауымы ерекше қадір тұтып, қастерлеген ұлық мереке. Дәстүрі діннен бастау алып, салты сүннетпен ұштасқан халқымыздың айрықша атап өтетін, асыға күтетін мейрамы да осы Құрбан айт. Айт күндері дана халқымыз шынайы ниетпен құрбан шалғаннан кейін, ағайын-туысқа айтшылап, арадағы араздықты ұмытып, сауапқа толы игі амалдарды көптеп атқаруға ұмтылған.
Осы орайда ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі Құрбан айт мерекесінің маңызын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау мақсатында түрлі жобалар бастаған болатын. Соның бірі жас блдіршіндерге мереке шуағын сезіндіруге бағытталған «Құрбан айтта қуандыр!» жобасы айттың алғашқы күні «Ханшатыр» сауда орталығында ұйымдастырылды.
Нұр-Сұлтан қаласының және республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов шараға арнайы қатысып, жұртшылыққа құттықтау лебізін білдірді. Бүгінгі мереке балалар есінде тәтті естеліктермен басталсын деген ниетпен өкілдік атынан 200 балдырғанға айттық сыйлығы («Құрбан айт құтты болсын!» деген жазулы пен балмұздақ) берілетін айтып, тарату рәсімін бастап берді.
Айт мерекесіне орай ұйымдастырылған сауапты шараға «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі де өз үлестерін қосып, жетекшісі Бауыржан Ақтаев бастаған ұжым көрермендерге қазақ халқының күйлерінен шашу шашты.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: Muslim.kz