Наурызбай қажы Тағанұлы Жидебайды зиярат жасады (ФОТО)

05 наурыз 2020 4406 0
Оқу режимі

Семей өңіріне арнайы келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сапарын Жидебайдан бастады. Мұнда ең алдымен Абай рухына Құран бағышталып, құрбандық шалынды.

Кейін осы кешенде қатар жатқан Шәкәрім Құдайбердіұлының да рухына Құран оқылып, елге дұға жасады. Зияраттан соң Бас мүфти Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровпен бірге Жидебайдағы мұражайды аралады. Кешен жұмысымен толық танысқан соң Бас мүфти  музей ұжымына ізгі ниетін жеткізіп, қолтаңба қалдырды. Жидебай қорығына жасаған сапар барысында жергілікті телеарналар мен ақпарат құралдарына сұхбат берді.

Зияраттан соң Бас мүфти аудан әкімі Жарқынбек Борашұлы үш мешіттің құрылысы жүріп жатқанын баяндай келе, бір мешіт пайдалануға берілді деді. Қазіргі таңда Абай ауданында 6 мешіт елдің игілігінде деп атап өтті әкім. Наурызбай қажы Тағанұлы өз кезегінде әкімге алғыс айта келе, дін ісіндегі діңгекті жұмыстар үшін рахметін жеткізді.

«Биыл өзіңіз басқарып отырған аудан Абай тойына тыңғылықты дайындалып жатыр екен. Көптеген жұмыстар қолға алыныпты. Алла әр істеріңізге береке берсін. Абай тойы елдің тойы. Тағылымға толы болсын» деді Бас мүфти.

Айта кетейік, ҚМДБ төрағасы осы сапарында Семей қаласында өтетін Хәкім Абай мұрасына арналған  ауқымды конференцияға қатыспақ.


 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру