Павлодарлық 250 отбасыға азық-түлік алуға сертификаттар берілді
Қызыл Жарты ай қоғамы мен оның демеушілерінің павлодарлық отбасыларға көрсеткен ақшалай көмектің сомасы 3 750 000 теңгені құрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
«Біз жасаған көмек алушылар тізімі қазіргі таңда Қызыл Жарты ай қоғамының базасына енгізілген аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан, жалғызбасты аналардан, жалғыз тұратын зейнеткерлерден тұрады. Қоғамның Павлодар облыстық филиалы қиын жағдайда қалған 250 отбасыны қамтиды», - деді ҚР Қызыл Жарты ай қоғамының Павлодар облыстық филиалының басшысы Гүлнәр Исақанова.
Оның айтуынша, әр отбасыға жалпы 3 750 000 теңгені құрайтын 15 мың теңгелік атаулы әлеуметтік сертификаттар берілетін болады. «Денсаулық сақтау басқармасы 70 отбасының, Павлодар қаласының Білім бөлімі 70 отбасының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жалғыз тұратын 24 қарттың, үкіметтік емес ұйымдар 22 жанұяның, Қызыл Жарты ай қоғамы 44 отбасының, «Nur Otan» 20 отбасының тізімін ұсынды», - деді Г.Исақанова.
Филиал басшысының атап өтуінше, Қызыл Жарты ай қоғамына «Игі істер өмірді өзгертеді» атты ұранымен ірі халықаралық компаниялардың бірі демеушілік жасаған. Компания әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға 23 млн теңге бөлді. Оның аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Павлодар қаласының аса мұқтаж отбасылары супермаркеттердің бірінен азық-түлік пен басқа да қажетті заттарды алуға ақшалай сертификаттар алатын болады.
Дереккөз: Қазақпарат