Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әзірет Сұлтан» мешітіне келді (ФОТО+ВИДЕО)

21 ақпан 2020 7951 0
Оқу режимі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңадан сайланған бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті бас мүфтиді жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі. Кездесу барысында елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтау, дін арқылы азаматтарды келісім мен ынтымаққа шақыру, рухани бағдар беру қажеттілігі мен  жат діни ағымдардың зиянды әрекеттері жайында айтылды.

«Халықты татулыққа, бірлікке, пәтуаға шақыру керек. Қазіргі уақытта дүние жүзінде әртүрлі жат үдерістер пайда болып жатыр. Сондықтан бұған тыйым салып, жол бермеуге тиіспіз. Ел мүддесіне қызмет етіп, осы бағытта дұрыс үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Наурызбай қажы Тағанұлы Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдағы ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыстары мен қайырымдылық шараларының жоспарын таныстырды. Басқарма жұмысы имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік  және әділдік сияқты жеті рухани қазыққа негізделмек. 

Дереккөз: Ақорда

Пікірлер Кіру