Қадір түні мүбәрак болсын!

11 маусым 2018 13300 0
Оқу режимі

Аса мейірімді, ерекше қамқор Алла Тағаланың атымен бастаймын!

Түндердің төресі, мың айдан да қайырлы Қадір түніне баршамызды аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын! Сауаптар еселеніп, дұға-тілектер қабыл болатын мүбәрак кешті мейлінше құлшылықпен әсемдеп, қайырлы істермен көркемдеуді нәсіп етсін!

Бұл түн – аса қадірлі түн, өйткені араб тіліндегі «لَيلَةُ القَدر» сөзі: «қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түнде жаратылыстардың тағдыры белгіленіп, келесі Қадір түніне дейінгі болатын (адамдардың ризық-несібелері, өмір өлшемдері секілді) маңызды оқиғалар Алла Тағала тарапынан періштелеріне аян болады.

Рамазан айы келгенде Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деп, бұл түннің  жақсылыққа ұмтылуға шақырған.

Ең кереметі осы түнді мың айдан артық еткен Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Мұсылманның міндеті – алдымен Құран оқуды үйреніп, одан кейін мағынасы мен тәпсірін меңгеріп, сол білгендерімен амал ету. Одан кейін осы ақиқаттарды өзгелерге жеткізіп, олардың да тура жолға түсулеріне күш-қайратын жұмсауы қажет.

Қадір түні атына заты сай, адамзат баласының келешегі үшін аса қадірлі һәм маңызды. Хақ Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көнетін нәпсіні берік сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген.  Ол даңғыл жол – қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ықыласты түрде кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, Жаратқанның жұмағына жетелейтін рақым жолы. Лайым, осы жол барша адамзатқа нәсіп болғай!

Наурызбай қажы Тағанұлы

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти,
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы.

Пікірлер Кіру