Қапшағай қаласында «Абай мешіті» ашылды (ФОТО)

14 қараша 2020 5009 0
Оқу режимі

Алматы облысы Қапшағай қаласындағы жаңадан бой көтерген 10 және 12-ықшамаудандары тұрғындардың өтініші бойынша 120 адамға шақталған шағын мешіт ашылды.  Мешіт ғимаратын ауыл тұрғындары асарлатып өздері көтерді.

Хәкім Абай атымен аталған жаңа мешіттің ашылу салтанатына «Қарасай батыр» орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Наржанов, Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев, Қапшағай қалалық маслихат депутаты Серікбай Нұржанов, Қапшағай қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев, қаламгер-ақын Алтыншаш Жақиянова, Қапшағай қаласы Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Мұрат Кутеев, Қапшағай қалалық орталық мешітінің бас имамы Алдажар Сейітұлы және ауыл имамдары мен қала тұрғындары қатысты.

Жиын жаңа мешіттің имамы Бейсенбек Адембекұлының қасиетті Құран Кәрімді тиләуат етуімен басталып, дұға жасалды. Алматы өңірінің бас имамы Қуаныш Бақытбекұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жиналған жамағатқа жеткізе келіп: «Қазақ жеріндегі тағы бір мешіттің ашылуы құтты болсын! Бүгінде еліміз өсу, өркендеу, даму жолында келеді. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің арқасы. Ислам діні қазақ мемлекетінің ғасырлар бойғы рухани тірегі мен сүйеніші болып келеді. Бабалар аманатын келер ұрпаққа жеткізу – біз бен сіздің ең маңызды міндетіміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!» – деді.

Ал Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Орынбасарұлы арнайы құттықтау сөз сөйлеп, құлшылық нысанының халықтың береке-бірлігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Абайдың 175 жылдығына сәйкес мешіттің де хәкімнің атымен аталғанына ақсақалдарға ризашылық білдіріп, жастарды имандылыққа, елжандылыққа тәрбиелеудің зор маңызы бар екеніне тоқталды.

Бірлігі жарасқан Қапшағай өңірі тұрғындары тағы бір береке қуанышына жиылып, елдің амандығы мен тыныштығы ұлы мұрат екенін өскелең ұрпаққа осылайша тағы бір насихаттады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру