Қазақстан қажылары орналасқан қонақүйлерге тексеріс жүргізілді (ФОТО)
Қазақстан қажылық миссия ұжымы екінші жұмыс күнін қонақүйлерге тексеріс жүргізуден бастады. Миссия төрағасы бастаған жұмыс тобы ең алдымен "Яссауи" және "Атлас туризм" компаниялары алып келген қажылардың жағдайын білді.
Бұл ретте компанияларға қойылған басты талап - парызын өтеуге келгендерге қолайлы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету. Осылайша Қазақстан қажылық миссиясының жұмыс тобы бағдарлама бойынша көрсетілген қызмет түрлерін бақылауға алды. Қажылық миссиясы қойған талаптың тағы бірі - қажыларымыз тоқтаған қонақүйлерде елдігімізді білдіретін нышандардың яғни, рәміздердің болуы.
Сондай-ақ қажыларға бағыт-бағдар беруші анықтамалықтардың бар-жоғы да есепке алынды. Оған қоса фирма ұсынған бағдарлама, намаз кестесі, тамақтанатын уақыттардың көрсетілуі, асхана мәзірі, апталық бағдарлама түзілуі, тағам сапасы мен олар орналасқан бөлмелердің бағаға сай болуы да назардан тыс қалмады.
Айта кетерлігі, миссия ұжымы қонақүйлердегі қажылардың жағдайы мен гигиеналық заттармен қамтылу барысын да назарға алды.
Одан бөлек әр фирмада дәрігердің болуы мен сапалы қызмет көрсететін гидтің (жолсерік) саны да маңызды екені айтылды. Яғни, гид мамандарының діни білімінің миссия көрсеткен талаптарға сай болуы бақылауда болады, деді миссияның жұмыс тобы.
Қасиетті мекенге келушілерге берілетін заттар яки қолсөмке, уағыз кітапшалары, киімнің біркелкілігі және ҚМДБ бекіткен уағызшылардың жұмысы да жіті тексерілмек. Тексеріс жүргізе келе миссияның жұмыс тобы әр компанияның сервистік қызметін бақылап, 2020 жылы берілетін квота саны да сапаға байланысты болатынын жеткізді. Бұл алдымен фирмалардың қажылар алдындағы жауапкершілігін арттыра түспек.
Тексеріс барысында арнайы құрылған жұмыс тобы қажылардың денсаулығы үнемі бақылауға алынуын қатаң тапсырды. Мұндай тексеру жұмыстары өзге де компанияларда жалғасын табады.