Қазақстандық жас қари халықаралық «Алтын белгі» жеңімпазы атанды (ФОТО)

08 шілде 2019 6289 0
Оқу режимі

VI Республикалық Құран сайысының 1 орын иегері атанып, қазақ даласына 14 жасында-ақ аты шыққан жас қари  Жамбыл облысының тумасы Дулат Қалығұлов қазақ елінің туын асқақтатып, әлем елдерінің ішінде басты жүлдеге ие болды. 

Ол Түркия мемлекетінде өткен Халықаралық Құран сайысында «Алтын белгі» иегері атанды. Аталған жүйріктер додасына Мысыр, Сирия, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Йемен, Индонезия, Малайзия сынды алпауыт мемлекеттерден келген 630 үміткер қатысты.

«Алтын белгіні» қанжығаға байлаудың шарттары да оңай болған жоқ. Білікті Құран мамандарының алдында 12 түрлі сұраққа жауап беріп, Алланың Кәләмін кез келген жерінен мүдірмей оқып, ол аяттың тарихына дейін білу керек-ті. Сыннан сүрінбей өтіп, нақты толық 100 ұпайды жинаған қатысушылар ғана осы атаққа ілінбек. Міне, дәл осы «Алтын белгіні" 630 қатысушының арасынан 10 бала иеленсе, соның біріншісі болып біздің Дулат тұр. Одан кейінгі орындарда араб елінен келген қарилар. Жас қазақстандық барлық қатарластарын басып озып, арабтармен текетіресіп, ата-анасының, күллі қазақ даласының үмітін ақтады. 

Аталған құрмет грамотасын Түркия елінің министрі табыстап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, жеңімпаздардың ішінен Дулат Қалығұлов осы республикадағы «Hilaliye erkek Kur'an Kursu» университетінің ашылу салтанатына арнайы шақырылды. 

Осындай айтулы жеңісінің құрметіне облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде қасиетті жұма күні жас қариге құрмет көрсетілді. Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметов жамағат алдында Дулаттың ерлігін тілге тиек етіп, «Алтын белгісімен» құттықтады. Көпшілік шын жүректен қуанышын жеткізіп, осындай білімді қарилардың көп болуын тілеп, бата берді. 

Айта кету керек, «Алтын белгі» әлеуметтік статусқа ие, Құран жаттаушының деңгейін білдіретін құжат. 

  •  

Дереккөз: Ақерке БЕКҚҰЛОВА, «Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

Пікірлер Кіру