ҚҰРБАН-2024 ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ҚМДБ 136 964 ЖАНҰЯҒА ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІН ҮЛЕСТІРДІ

19 маусым 2024 1204 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республика көлемінде «Qurban-2024» қайырымдылық акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Осы жылдың 16-18 маусым аралығында өткен мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт күндері Qurban2024.kz сайтына тапсырыс беру арқылы онлайн және жергілікті қасапханаларда офлайн форматта құрбан шалынды. Мерекеге орай арнайы құрылған жұмыс штабы құрбан шалу рәсімдерін республика көлемінде ұйымдастыруды қолға алып, бүгінде жүйелі жұмысын сәтті аяқтап отыр.

Қорыта айтсақ, еліміз бойынша Құрбан айт күндері Qurban2024.kz сайтына 2 142 тапсырыс берілді. Республика бойынша 1388 адамнан құралған бірнеше штаб құрылып, 81 қасапханада 418 қасапшы тапжылмай жұмыс істеді.

Еліміз бойынша құрбан шалу рәсімі барысында жалпы саны 40 778 мал сойылса, оның 35 929-ы – қой, 2 539-ы – ешкі, 2 290-ы – ірі қара, ал түйе саны – 20. Осылайша 131 ет қабылдау пункттеріне жиналған құрбандық еті 136 964 отбасыға дін қызметкерлері және еріктілердің көмегімен жеткізіліп берілді.  Құрбандық еті 358 мекемеге, атап айтқанда, мүгедектер қоры, зағиптар қоры, ауруханалар мен ардагерлер үйіне берілді.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша дін қызметкерлеріне, имамдарға, құрбан шалуды онлайн және офлайн форматта жүзеге асыруға жәрдемдескен жергілікті әкімдік өкілдеріне, сауапты іске атсалысқан барша ақжүрек азаматтарға, жаны жомарт кәсіпкерлер мен еріктілерге айрықша алғысын білдіреді. Алла мол сауаптан жазсын!

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру