Құрбан айт мерекесіне орай баспасөз конференциясы өтті (ФОТО)

07 тамыз 2019 6571 0
Оқу режимі

Мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесіне орай бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында конференция болып өтті. Баспасөз мәслихатына ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының Ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Әшім Хайруллин, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Шапатаева және Нұр-Сұлтан әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Әділет Төлеутайұлы қатысып, қажетті ақпараттармен бөлісті.

Баспасөз мәслихаты барысында ел астанасындағы айтулы мерекеге дайындық барысы, жұмыс жоспары таныстырылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Нұр-Сұлтан әкімдігінің жауапты тұлғалары тілшілер қауымының сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, биылғы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-жұлдызында басталатын болмақ. Осы күні таң азанымен мінәжат етумен басталатын мереке үш күн бойы қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады. Қасиетті мерекеге орай ҚМДБ бастамасымен өткізіліп келе жатқан «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы биыл да еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып, құрбандық еттері мұқтаж жандарға таратылатын болмақ. Осы орайда аталмыш шараға дайындық барысы айтылып, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Сұлтан қаласында болатын бірқатар шаралар жайында таныстырды.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру