Сәдуақас Ғылманидың қызы ауызашар берді (ФОТО)

04 маусым 2019 6417 0
Оқу режимі

Қазақстандағы Ислам діннің көркеюіне өлшеусіз еңбек сіңірген дін қайреткері, қази Сәдуақас қажы Ғылманидың туған қызы, бүгінде ғасыр жасап отырған сүйегі асыл әжеміз Үкіжан Сәдуақасқызы Елорда жұртшылығына ауызашар берді. Ел анасының киелі дастарқанына зиялы қауым өкілдері мен Ғылмани әулетінің туыс-жегжаттары жиналды.

Атамыш дастарқан басында ҚР ҰҒА академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы және филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов қатарлы ғалымдар арнайы қатысып, жиналған жұртшылыққа дін мен ғылымның, дәстүр мен діннің сабақтастықтары жайлы салиқалы сөз сөйледі.

Дастархан басында «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазанов дін жолында елеулі еңбек еткен Ғылмани рухына және барша өмірден өткен дін қайраткерлеріне Құран оқып, дұға бағыштады.

Өткен заманның небір кесапатын көзімен көріп, қуғын-сүргін, аштық секілді зобалаңды басынан өткерген, көкірегі қазынаға толы Үкіжан апа жиналған жұртшылыққа аналық ақ батасын беріп, келесі Рамазанға аман жетуді тіледі.

Дереккөз: «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру