Тәжуид бағдарламасын тәмамдаған 160 шәкіртке Құран кәрім тарту етілді (ФОТО)

18 ақпан 2019 8954 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Діни сауат ашу курсының әйел шәкірттеріне арналған «Құран – сөнбес сәуле, жарық нұр» атты салтанатты шара болып өтті.  Мешіт ұстаздары Аманкүл Абдраманова мен Аягөз Абдрамановалардан дәріс алатын 160-тан астам әйел шәкірттердің тәжуид бағдарламасын тәмамдап, Құранға түсуіне орай өткізілген шара аясында мерекелік дастархан жайылып, қасиетті Құран кітабы таратылды.

Әрбір әрпі сауапқа тұнған қасиетті Құран кәрімнің тұпнұсқасын өз бетімен оқи алатын дәрежеге жеткен шәкірттер ынтасын арттырып, арадағы бауырмалдық сезімді нығайтуға бағытталған салтанатты шараға Астана қаласындағы Ислам орталығының ұстаздары Айгүл Көксеген және Қарлығаш Қажымәлік қатысып, шәкірттерге ізгі тілектерін арнады. Мерекелік дастархан басында қасиетті Құран кәрімнің хикметтері мен көркем мінезге қол жеткізу тақырыбында уағыз айтылып, талмай ілім ізденуге үндеді. Қазіргі таңда асыл дініміздің атын жамылып, адамдар санасын шырмауықтай арбап алған теріс ағымдардан сақтанудың абзал жолы ең алдымен дұрыс діни білім алып, сауатты болу керектігін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда білім-ғылымның ордасына айналған республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде 300-ден астам әйел шәкірт діни сауат ашып, білімін жетілдіру үстінде. Қыркүйек айында басталған Діни сауат ашу курсының бастапқы бағдарламасын тәмамдаған шәкірттерге арналған бұл шара келесі аптада тағы да жалғасын таппақ. Мешіт ұстаздары Гүлсара Бекет пен Әлия Өмірбековалардың шәкірттері үшін де келесі апта ішінде салтанатты шара ұйымдастырылып, білім жолындағы алғашқы жетістіктерін атап өтетін болмақ.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру