Түрлі дін өкілдері Қарттар үйіне бірлесе тарту жасады (ФОТО)

11 желтоқсан 2019 6913 0
Оқу режимі

Халқымыздың қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Елордамыздағы түрлі діни ұйым өкілдері Малотимофеевка ауылындағы Қарттар үйін арнайы зиярат етіп, мерекелік тарту жасады. Назарбаев Орталығы мен Дін істері комитетінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара Қарттар үйіндегі қарияларға қуаныш сыйлап, ұлық мейрам қарсаңында көңілдерін бір көтеріп тастады.

Айта кетейік, Қазақстандағы діни бірлестіктердің бұған дейін бірнеше мәрте ортақ отырыстары болып өткен еді. Алайда, осы жолы бірлестік өкілдерінің бастамасы негізінде IV отырыс жұмысы қайырымдылық шарасына ұласып, Қарттар үйіндегі қарияларға түрлі сыйлықтар беріліп, мерекелік концерт қойылды.

Шара шымылдығын Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Болатқанұлы Нүкежанов мырза арнайы ашып, бүгінгі шараның мән-маңызына тоқталып өтті. Қарияларға ізгі тілегін жеткізіп, бүгінгі мерекелік шараға атсалысқан барша ұйымдарға алғысын айтты. Айта кетейік, аталмыш шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы 13-тен астам діни бірлестік өкілдері қатысып, ұлық мереке қарсаңында қарияларға өз сыйлықтарын тарту етіп отыр.

Мереке аясында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев арнайы құттықтау лебізін айтып, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан өкілдігінің Жастар ісі секторының қызметкерлері қариялардың көңілін көтеріп, мерекелік концерт ұйымдастырды. Кеш соңында өкілдік атынан Орталықтағы қарттарға мерекелік дастархан жайылып, ерекше құрмет көрсетілді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру