ЖАНАЗА ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ РӘСІМДЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

21 мамыр 2023 3363 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «AQMESHIT» мешітінде  жамағатқа арналған жаназа және жерлеу рәсімдеріне қатысты семинар өтті.  

Қазақ халқы ғасырлар бойы күнделікті өмір тіршілігінде, соның ішінде адамның дүниеге келуі мен қайтыс болуына қатысты рухани-діни рәсімдерді орындауда мұсылманға тән мәдениетті ұстанып келеді. Алайда соңғы уақыттағы діни рәсімдердің шариғат нормаларына сәйкес келмейтін өзгерістерге ұшырай бастағаны байқалады. Мысалы, қабір басына құлпытас ретінде орасан үлкен ескерткіштер мен зәулім қоршаулар орнату т.б.

Бұл әрекеттер қоғамның әртүрлі өкілдері, оның ішінде ақсақалдар мен дін мамандары тарапынан жиі-жиі сынға ұшырауда. Қала берді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына шағым түсуде. Бұдан бөлек, қабірлер мен кесенелерді зиярат жасаушылар діни талаптарға жатпайтын әрекеттерге бой алдыруда.

Діни басқарма осы аталмыш рәсімдердің шариғатқа сай орындалуын тәртіпке келтіріп, зират тұрғызу мен зиярат жасаудың, кесене салудың жалпыға ортақ, біріңғай мәдениетін қалыптастыруға тырысып келеді. Бұл халыққа түсіндіру жұмыстарын өткізіу арқылы жүзеге асатыны белгілі. Осы мақсатта өткізілген бүгінгі семинарға ҚМДБ Астана қаласының өкіл имамы Ерболат Нұрылдаұлы, «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, Астана маңындағы  Қызылсуат мешітінің бас имамы Саят Хасенов және «AQMESHIT» мешітінің бас имамы Дәурен Муслимов қатысып, бүгінгі шараның маңыздылығы мен маңызды ескертпелерді атап өтті. Мәселен, жаназадан кейінгі ас беру мәдениеті бізде дұрыс қалыптаспағанын айтып, ысырапшылыққа жол бермеуге шақырды. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның 2020 жылы имамдардың республикалық IV форумында қабылдаған «Зират және зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» атты  құжаттарын жамағатқа таныстырды.

Жиында «AQMESHIT» мешітіндегі «QAMQOR-SHARAPAT» орталығы қызметкері Гумар Жумагулов мәйітті жуу мен оны қалай кебіндеу керектігін көрсетіп, жамағатқа бірнеше шариғи мәселелерді ескертті.

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру