Жын шығарамын деп науқасты өлтіріп алған бақсы қамаудан босады

17 қаңтар 2019 6300 0
Оқу режимі

Алматы облысында бақсының емінен кейін көз жұмған 28 жастағы Тұрар Оразалиевтің туыстары емшіге қарсы іс қозғалғанына қарсы шықты. Дәстүрлі медицинадан шипа болмағандықтан, ақыл-есінің ауытқуынан үш жылдай қиналған жігітті жақындары бақсыға өз еркімен әкеліпті. Алайда, науқас 4 күн бұрын белгісіз жағдайда қайтыс болды, деп хабарлады «Алматы» арнасы.

Полиция дерегінше, Шамалған ауылының тұрғыны ауыр дене жарақатынан көз жұмған. Алайда емші жігіттің денесіндегі жарақаттарды бұрын да байқағанын айтады.

«Мұны Алланың бұйрығына, тағдырдың жазуына қалдырайық. Жақсылық емес, әрине. Мен қазір кінәлімін де. Екі жылдан төрт жылға дейін шартты жаза алуым мүмкін, болмаса одан да ауыр жаза алармын» дейді емшінің өзі.

63 жасында жын кірген жанды емдеймін деп басы дауға қалған Әбдікәрім ақсақал құсбегілікпен айналысады екен, бірнеше күн қамалған соң, қолхатпен бостандыққа шығыпты.

«Тынышталмай, басын қабырғаға соқты, бірақ күдікке ілінгеніме өкінбеймін. Ауырған жанды жақындары байлап әкеліп, жарты сағат ем салған соң, алып кететін. Жетінші күнге қарағанда есін жинап, жақсарып қалған еді» дейді құсбегі.

Ал, жігіттің туыстары Тұрарды үйде байлап ұстағандарын, ол өзінің саусағын да шапқанын, көліктің астына да жүгіргенін баяндады.

«Жатқан кезде аузыма бір нәрсе кіріп кетті деді. Содан қараңғы бөлмеге қарап, қаша беретін болды. Қатарға қосылмайтын болды. Біреулер жын деді, біреулер дуалаған деді. Бір түрлі болып кетті», – деді марқұмның ағасы Амантай.

Жігітті жақындары Талғардағы жүйке аурулары ауруханасына да жатқызған. Марқұмның туыстары медицинадан медет таппаған соң, бауырларын қырықтан астам емші мен молдаға апарып емдеткен.

«Бүркітші кінәлі емес, тағдыры солай болды. Сондықтан алдағы уақытта соңғы рет апарып емдеткен бақсыны сотта барынша ақтап алуға тырысамыз, оған өкпе, ренішіміз жоқ», – дейді олар.

Дереккөз: kazislam.kz

Пікірлер Кіру