«Крещенские морозы» суға түсуге бола ма?

13 қаңтар 2021 7494 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Қыстың аяз күндері «крещенские морозы» басталды деп өзендердің мұзын ойып, суға түсіп жатады. Бұл, әрине, христиан дінімен тығыз байланысты екенін бәріміз білеміз. Бұл жөнінде біздің дінімізде не айтылған?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Қазақта жаздың және қыстың шілдесі деген ұғым бар. Қазіргі уақытта тілдік қолданыстан түсіп, көмескіленіп бара жатқан бұл ұғымдардың шығу тегіне үңілсек, табиғаттағы әр құбылысты қалт жібермеген ата-бабаларымыздың даналығын аңғарамыз. Жаз шілдесі шықпай, аптап күн ыстығы басылмайды, ал қыс шілдесі шықпай, аяздың беті қайтпайды. Осыған орай, жаз шілдесі маусым, шілде айларында басталып, қырық күнге созылады.

Ал, қыс шілдесі деп қаңтар айындағы табиғаттың қаһарына мініп, сақылдаған аяздың күшейе түсетін кезін айтамыз. Аспан әлемін астрономдардан артық білген ата-бабаларымыз Үркер жұлдызының дәл төбеге қарай шырқай көтерілуіне – Қыс шілдесінің «Сары Аязы» деп атау берген.

Табиғаттың осы құбылысының құпиясы дінімізде былай түсіндіріледі. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «...Тозақ Раббысына шағымданып: «Уа, Раббым! Мен өз-өзімді жеп бара жатырмын», – дейді екен. Сонда тозаққа жылына екі рет: қыста бір дем, жазда бір дем шығаруға рұқсат етіледі. Бұл сендердің жаздағы сезетін аптап ыстықтарың мен қыста сезетін қақаған аяз[1]», – делінген.

Ал, шариғатымызда өзге діни наным-сенімдерді құптауға қатаң тыйым салынған. Бұл жайында Абдулла ибн Омар: «Кім бір қауымға ұқсаса, солардың бірі болады[2]», – деген хадисті риуаят еткен.

Руслан Камбаров


[1] Бұхари, Муслим
[2] Әбу Дәуід.

 

Пікірлер Кіру