Ақ түстің артықшылығы бар ма?

23 қаңтар 2021 7492 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум, мешіт ұжымы!
Сіздерден сұрайын дегенім, аппақ киім киіну сүннет болып санала ма? Бұл жайлы қандай хадистер бар?


Жауап

Уа алейкум ассалам!
Алла елшісінің (с.ғ.с.) ақ және басқа түсті киімдер кигені деректерде айтылған. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгілі бір түсті киім киюді әмір етпеген. Дегенмен, ақ түсті ерекшелеп айтқан хадистері бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақ түсті тірі және марқұм мұсылманға бірдей құп көрген. Ибн Аббас (р.а.): «Ақ түсті киімдеріңді киіңдер. Расында, ол – сендердің ең жақсы киімдерің. Және де мәйіттеріңді ақ матамен кебіндеңдер[1]», – деген пайғамбар (с.ғ.с.) хадисін риуаят еткен.
Ақ түстің айрықша болуының себебі Самурат (р.а.) риуаят еткен хадисте былай түсіндіріледі: «Ақ түсті киімдеріңді киіңдер. Өйткені, ең таза, ең әдемісі  – сол түс. Және марқұмдарыңды ақ матамен кебіндеңдер[2]».
Ақ түсті киім кіршіксіз тазалықтың белгісі. Өйткені, ақ киімге тиген дақ лезде байқалады. Бұл мұсылманның киімін таза ұстауына мүмкіндік береді. Ал, ең әдемісі деуі ақ түстен тыныштық пен рақаттың лебі есіп тұрады. Бұл өз кезегінде – көпшіліктің адамға деген ілтипатын тудыратын дүние.

Пікірлер Кіру