Шариғат бойынша кімдермен некелесуге болмайды?

31 наурыз 2021 9235 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Шариғат бойынша кімдермен некелесуге болмайтынын айтып берсеңіздер екен! 


Жауап

Уа алейкум ассалам! Дінімізде ер кісіге үйленуге болмайтын әйелдер қауымын екі топқа бөліп қарастырады:

1. Өмір бойы бір-бірімен үйленуге болмайтындар:

  • Жақын туған-туыстары. Олар: аналары мен әжелері; бірге туған әпке-қарындастары және  олардың қыздары мен немерелері; Сонымен қатар, әкесі не шешесі бөлек әпке-қарындастары және олардың қыздары мен немерелері де үйленуге болмайтын кісілер қатарында; бірге туған немесе әкесі бір, шешесі бөлек, не шешесі бір әкесі бөлек аға-інілерінің де қыздарымен және немерелерімен некелесе алмайды[1]. Сондай-ақ, әке жағынан ағайын әпке-қарындастарымен және нағашы әпке-қарындастарымен[2] де үйленуге болмайды. 
     
  • Сүт бауырлары: Әйелдің  туған баласы туысқандарынан кімге үйлене алмаса, сол секілді сүт емген бала да олармен некелесе алмайды[3]. Айта кететін маңызды нәрсе, «сүт бауырлыққа» байланысты үкімдер тек сол емшек емген балаға ғана қатысты. Оның (әлгі сүт анадан ембеген) аға-інілеріне және әпке-қарындастарына қатысы жоқ[4].
  • Құдандалы туыстар[مُصَاهَرَة)  [5): Қайын аналары мен әжелері; өгей қыздары мен олардың қыздары және немерелері; өгей ұлдарының қыздары мен немерелері[6]; өз ұлдарының әйелдері мен немерелерінің әйелдері (келіндері);  өгей аналары[7].

2. Уақытша үйленуге болмайтындар: Бұл категориядағы кісілермен некелеспеу – уақытша кедергілерге сүйенеді. Кедергілер жойылысымен, некелесу құқы туындайды. Олар:

  • Өзгенің некесіндегі әйелдер. Бір әйел ерімен ажыраспайынша немесе одан жесір қалмайынша, өзге еркекпен некелесе алмайды[8].
  • Иддәт мерзіміндегі әйелдер. Күйеуінен жесір қалған әйел[9] немесе ажырасқан әйел[10] өзге ерге тұрмысқа шықпай тұрып, белгілі бір мерзім күтеді. Бұны шариғатта «иддәт мерзімі» дейді[11]. Аталмыш мерзімі бітпей, тұрмысқа шығуына тыйым салынады.
  • Апалы-сіңлілі екеуін бір некеде ұстау. Ағайындас апалы-сіңлілерді бірге бір некеде ұстау – харам[12]. Ағайындас апалы-сіңлілер деп мыналарды атауға болады: бірге туған әпке-сіңлілері; әке жақтан әпке-сіңлілері; нағашы әпке-сіңлілері;  аға-әпкелерінің қыздары [13].     
  • Төрт әйелі бар кісі – бесінші әйелді ала алмайды. Оны алу үшін, некесіндегі біреуін талақ етуі шарт. Себебі, шариғатта ең көбі  - төрт әйел ғана алуға рұқсат берілген.
  • Үш талақпен ажырасқан әйел[14].
  • Өзге діндегі қыз[15]. Бір мұсылман жігіттің өзіне жар еткісі келген қызы – мұсылман немесе христиан не яһуди дініндегі  қыз болуы тиіс[16]. Бұлардан өзге діндегілерді алуына рұқсат жоқ.   

Ал, мұсылман қыз тек мұсылман жігітке тұрмысқа шыға алады. Өзге діндегілерге күйеуге шығуына тыйым салынады[17]. Өйткені, әйел өз еріне тәуелді. Мұсылман емес ері, әйелдің әлсіздігін пайдаланып, оның наным-сеніміне кері әсерін тигізіп, намаз, ораза сияқты діни амалдарын орындауға кедергі жасайды. Оның үстіне дүниеге келген ұрпақтары өзге діндегі әкесінің дініне өтетіні мәлім. Бұл – Исламның мұсылман ұрпағын көбейту түсінігіне теріс. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.c):«Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деген.

Қорыта келе айтарымыз, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, өркениетті қоғамды құрайтын басты фактор - баянды отбасы. Оның баяндылығы мен беріктігі кейбір мәселелерге мән берудің арқасында туындайды. Соның бастапқы қадамы – пәк неке, таза ұрпақ алып келу. Оған қол жеткізу үшін Ұлы жаратушы Иеміздің пенделеріне міндеттеген үкімдеріне аса мән беруіміз керек.

 

 

[1]Тәсһилуль Қудури – 2/7 бет.
[2]Ниса – №23 аят.
[3]Ниса – №23 аят; Сахих Бухари
[4]Проф.Доктор У.Зухайли, әл-Уәжиз – 3/65 бет.
[5]Қыз алысып, қыз беріскен, сүйек шатысы бар (адамдар). Қ.Ә.С.;  құдалық арқылы дос, жолдас болған адамдар. (مُصَاهَرَةٌ - вступление в родственные отношения путём брака)
[6]Фатауа әл-Һиндия – 1/302 бет: Бірақ анасымен қатынасқа түспеген болса немесе онымен оңаша қалмаған   болса ол басқа;
[7]Ниса сүресі – №23-аят.
[8]Ниса сүресі – №24-аят.
[9]Бақара – №235 аят.
[10]Бақара – №228 аят.
[11]Мына сілтемеге кіріңіз: http://muslim.kz/kk/question/434-iddat-mezgili-bitpei-qiylgan-neke-ne-bolmaq.html
[12]Ниса сүресі – №23 аят.
[13]Фатхул бари – №4819 хадис.; Хидая – 3/13 бет.; Осындай некенің үкімі: бір некедегі апалы-сіңлілі екеуінің қайсысын  екінші кезекте некелеген болса, соның некесі бұзылады да, бірінші кезекте қиылған некесі сол күйінде қалады. Ретін білмеген жағдайда екі неке де бұзылады. (Проф.Доктор У.Зухайли, әл-Уәжиз – 3/73)
[14]Бақара – №230 аят.
[15]Бақара – №221 аят.
[16]Маида – №5 аят.
[17]Мүмтахина – №60 аят.+

 

Тегтер: неке харам
Пікірлер Кіру