Пітір садақа қай уақытта беріледі?

12 мамыр 2021 13290 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Маған пітір садақасы туралы толық айтып берсеңіздер! Қай уақытта бергенім дұрыс? 


Жауап

Уағалейкумассалам! Ибн Омар (Алла одан разы болсын) жеткізеді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пітір садақаны ораза айт намазына шығардан алдын беруді бұйырды»[1].

Жоғарыдағы хадиске сүйеніп, Ханафи мазһабы бойынша пітір садақа ораза айт күні таң атысымен беру міндеттеледі. Себебі, хадисте пітір садақасы деп айтылады. «Пітір» сөзінің мағынасы – «ауыз ашу». Ал, толыққанды ауыз ашу ораза айт күні жүзеге асады. Көпшілік ғұламалар пітір садақаны міндеттелетін уақыттан бұрын (ораза айттан алдын) беруге болатының айтады. Себебі, Бухари хадис жинағында мынадай дерек бар: «Олар (сахабалар) айттан бір немесе екі күн бұрын пітір садақаны беретін». Осы деректі негізге алып, Ханафи мазһабы пітірді, тіпті рамазаннан алдын, Малики мен Ханбали мазһабы айттан бір немесе екі күн бұрын, Шафиғи мазһабы рамазанның ішіндегі кез келген күні өтеуге рұқсат екендігін баяндайды. Сондай-ақ, төрт мазһабтың барлығы пітірді айт күнінен кешіктірсе оның мойнында пітір садақасы міндет ретінде қалып, оны өтемейінше мойнынан түспейтініне келіскен[2]. Сондай-ақ, мұсылман ғұламаларының ортақ көзқарасына сәйкес, мүмін адамның пітір садақасын Ораза айт намазына дейін беруі мұстахап амалдардың қатарынына екенінін ұмытпаған абзал.

Халқымыз пітір садақаны рамазан айында беруге дағдыланған. Жоғарыда айтылған деректер де бұл әдетті қолдауда.

Пітір садақаны немен беру керек?

Сенімді, танымал хадистерде бидай, арпа, мейіз, құрма сияқты жемістерден пітір садақаны шығару керектігі айтылады. Ханафи мазһабының ғұламалары бұл айтылғандардың құның шығарып беруге болатының алға тартады. Себебі, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оларды (пақырларды) бұл күні (ораза айт күні) қайыр тілеуден мұқтажсыз етіндер»,[3] – деген. Демек, пітір садақаның мақсаты – пақырдың қажеттілігін өтеу. Оған қоса, Бухари хадис жинағында Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муаз ибн Джабалді Йеменге егін зекетін жинауға жібергені айтылады. Сол жерге барған Муаз Йемендіктерге: «Маған садақа (зекет) ретінде арпа мен жүгері орнына қолданыстағы заттарды әкеліндер: шағын матаны немесе киімді. (Осылай жасауларын) сіздерге ыңғайлы әрі Мадинадағы пайғамбардың сахабаларына тиімді»,[4]– деген.  

Көргеніміздей, сахаба Муаз егін зекеті ретінде тиімді, қажетті нәрсені сұрады. Өйткені, Мадинадағы сахабалардың арпа мен жүгеріден қарағанда матаға сұранысы жоғары болды. Сондықтан да, фиқһ кітаптарымызда «кез келген садақаның мақсаты – пақырдың қажеттілігін өтеу» деп келеді. қазіргі кезде пітір садақаны қаржылай таратудың маңыздылығы бәрімізге белгілі. Пақырлардың қажеттіліктері әртүрлі болғандықтан, қаржылай берілген кезде оны тиісті қажеттіліктеріне жұмсайды.

 

Дарханұлы Тамирлан
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 


[1] Бухари, Муслим
[2] Нурид-Дин Итр, Иғлямул-Анам
[3] Дарақутни, Хаким
[4] Бухари

Пікірлер Кіру