Ниетті тілмен айту бидғат па?

29 шілде 2021 9234 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Намазға ниет еткенде тілмен айтып ниет ету бидғат па? Бұл жайлы шариғатта не айтылған?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ниет – жүректің ісі. Мұхаммед бин Хасан: «Жүрекпен ниет ету – парыз, ал тілмен айту – сүннет. Ал, екеуімен (жүрек және тілмен) бірге ниет ету – абзалы», – деген. Ал, Мұхаммед: «Үйінен парыз намазды жамағатпен оқуды ниет етіп шыққан адам имамға келіп, тілімен ниет айтпай ұйыса, намазы дұрыс боп есептеледі. Өйткені, ол сол ниетінен райы өзгермей намазға тұрды. Ал, нәпіл оқитын болса, жалпы намаз ниеті жеткілікті. Қаза намаз оқитын болса, парыз ниеті қажет. Уақыты кірген намаз үшін сол намаздың атауы мен сол уақыттағы парызды ниет еткені жөн[1]», – дейді.

Ал, енді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тілмен ниет еткендігі жайлы Әби бин Әбу Толибтен (р.а.) мынадай риуаят бар: «Алла елшісі (с.ғ.с.) намазды: «Уәжжәһту уәжһия лиллази фаторас-сәмәуәти уәл-арда ханифән муслимән, уәмә әнә минәл-мушрикин. Иннә соләти уә нусуки уә мәхиая уә мәмәти Лилләһи Роббил-ъәләмин. Лә шәрикә ләһ, уә бизәликә умирту уә әнә әууәлул-муслимин[2]», – деп бастаушы еді.

Бұл ниет дұғаның мағынасы: «Жүзімді Жалғыз Жаратушыға құлшылық етуші мұсылман ретінде аспандар мен жерді жоқтан бар Етушіге (Фатыр) бұрдым. Мен серік қосушылардан емеспін. Ақиқатында, менің намазым мен құлшылығым және өмірім мен өлімім әлемдердің Раббысы Аллаға. Оның серігі жоқ. Міне, осыған мен бұйырылдым. Мен ең әуелгі мұсылмандар қатарынанмын».

Руслан Камбаров


[1] Әл-Ихтияр, 1-том, 72-бет
[2] Тахауи, Шарх маъәни әсәр, 256-бет

 

Пікірлер Кіру