Гив ойнатуға бола ма?

12 қазан 2021 6091 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкүм, мені толғандырған бір мәселе бар еді. Көпшілік бүгінгі күні инстаграм желісінде гив ойнатып жатады. Осы шариғат тұрғысынан дұрыс па деген сауал туындайды. Қанат


Жауап

Уағалейкүмассалам! Гив (giveaway) ағылшын тілінен аударғанда «беру», «тарату» деген мағынаны білдіреді. Бұл – инстаграм әлеуметтік желісінде тіркелушілер санын көбейту мақсатында өткізілетін ұтыс ойыны.

Негізгі шарты – инстаграмдағы бірнеше парақшаға тіркелу, сондай-ақ «хабарламаларды қара», «репост жаса», «пікір қалдыр» деген сияқты басқа да талаптар болады.

Гив ойындарын ұйымдастыру әрі оған қатысудың шариғаттағы үкіміне келсек, оны төмендегі екі жолмен қарастыруға болады:

1. Ойынға қатысу үшін тіркелушілер тарапынан кіру жарнасы алынса немесе бір өнімді (кітап, т.б.) сатып алуды шарт қойса (кейбір кәсіпкерлер біршама айлакерлік танытып, белгілі бір соманы төлеуді емес, белгілі бір өнімдерді сатып алуды шарт етеді. Мұндай конкурсқа қатысудың рұқсат етілуі не тыйым салынуы қатысушы адамның ниетіне байланысты. Егер тауарды ұтысқа қатысу мақсатында сатып алса, онда шариғатта тыйым салынады. Ал сатып алушы өзіне қажетті тауарды сатып алу барысында ұтысқа қол жеткізіп жатса, оның оқасы жоқ), ол құмар болып саналады. Ал шариғатта құмар ойындарына тыйым салынған.

2. Егер парақшаға тіркелушілерден ешқандай кіру жарнасы алынбаса әрі ұтыс демеушілер тарапынан қойылса, онда рұқсат етіледі (әл-Мағаиру әш-Шарғия, 1287-бет). Бірақ төмендегі шарттар орындалуы тиіс:

– Репост жасау керек болған парақшада шариғатта тыйым салынған нәрселер (сурет/видео/мәтін) болмау;

– Ұтыс сыйлығы харам зат болмау;

– Демеушілердің беретін қаражаты мен ұйымдастырушының алатын ақысы анық әрі нақты болу;

– Ұйымдастырушы тарап қанша адам жазылатынын нақты әрі ашық айту;

– Уәде етілген тіркелушілер санын жинап бере алмаса, жиналған адамның санына қарай қаражатты демеушілерге қайтарып беру керек. Себебі келісімшарт нысаны дау тудырмайтындай анық әрі нақты болуы тиіс. Қайшы жағдайда келісімшарт дұрыс болмайды (әл-Фәтәуа әл-Һиндия, 4/411);

– Конкурс өткізуде алдап-арбау, алаяқтық сынды әрекеттер және тіркелушілерге қиянат жасалмауы тиіс.

ҮКІМ:

  1. Гив ойынында парақшаға тіркелушілер тарапынан кіру жарнасы алынса немесе бір затты сатып алу шарты қойылса, ондай конкурсқа қатысуға тыйым салынады. Одан тапқан табыс шариғат бойынша харам болады.
  2. Тіркелушілерден кіру жарнасы алынбаса және ұтыс демеушілер тарапынан қойылса, шариғат бекіткен шарттар толықтай орындалса, ол ойынға рұқсат етіледі.

Ескерту: Қазіргі таңда көптеген ұтыс ойындарында шариғат бекіткен шарттар толық орындалмайтынын ескерген жөн. Сондықтан мұндай ойындардан сақ болу керек.

Шариғат және пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру