«Нан ұрсын» деп ант ішуге бола ма?

18 наурыз 2022 8622 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Кейде сөз арасында біреуді сендіру мақсатында «Нан ұрсын» деп жатамыз. Осы дұрыс па?


Жауап

Уағалейкумассалам!

Араб тілінде ант ішуді «ямин» (күш, қуат) деп атайды[1]. Адам баласы өз сөзін қуаттауға тұшымды дәлелді таба алмағанда, ант ішуге жүгінеді. Сондықтан да әрбір халық өз дәстүріндегі мен ой өрісіндегі қасиетті деп санайтын нәрсемен, затпен, ұғыммен қасам ішеді.

Қасиетті дініміз бойынша, дүниедегі барша жаратылысты жоқтан бар етіп, жүйеге салып басқаратын Алла Тағала екені мәлім. Демек, мұсылман адам тек Алланың атымен немесе Оның сипаттарымен анту етуі керек[2].

Бірде әйгілі сахаба Омар ибн Хаттаб (Оған Алла разы болсын) керуенмен жолда жүріп бара жатып, өз әкесінің атымен ант ішеді. Бұны байқап қалған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді:

ألا إن الله ينهاكم أن تحلفوا بآبائكم من كان حالفا فليحلف بالله أو ليصمت

«Алла Тағала сіздерге ата-баба атымен ант ішуді тыйым салғандығын біліп қойындар! Кімде кім ант ішетін болса, Алланың атымен ант ішсін немесе үндемесін»[3].

Қорытынды: Ислам діні бойынша «Нан ұрсын» деп ант ішуге болмайды. Ант ішу тек Алла Тағаланың есімі мен сипаттарымен жүзеге асырылады. Дұрысы Аллаға мәлім.

 

Дарханұлы Тамирлан
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша пәтуаға жауапты маман

 


[1] Ал-Любаб фи шархил-Китаб, 599 бет.
[2] Ал-Любаб фи шархил-Китаб, 600 бет.
[3] Абу Дауд жеткізген хадис.

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру